Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Тараз көшелеріндегі Наурыз думаны ұлттық ойындарға ұласып, дәстүріміз қайта жаңғырды

AstanaTV
21.03.2016ж. 20:00
2500
Тараз көшелеріндегі Наурыз думаны ұлттық ойындарға ұласып, дәстүріміз қайта жаңғырды

Наурыз мерекесі Таразда да бар сән салтанатымен өтуде. Шаһар көшелеріндегі думан ұлттық ойындарға ұласып, дәстүріміз қайта жаңғырды. Әсіресе «Ләңгі тебу» ойыны жиналғандардың делебесін қоздырды. Думанды күндегі спорттық шаралар жайлы Данияр Әлімқұлдың репортажы.

Жыл бастау мерекесі таңертеңнен ақ қызып сала берді. Алдымен жастар арқан тартып, асық атты. Тіпті облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев та асық ойнаған жастармен бірге бағын сынап көрді.

Жиналғандардың  бірі кір тасын көтерсе, енді бірі қол күресте бағын сынады. Қажымұқаннан қалған бұл ойынға арулар да ат салысты. Қыздар арасынан қарсылас шақ келтірмеген мына бойжеткен жігіттермен де жарысқа түсті. Ал ұлтымыздың ұмыт болған ойыны «ләңгі тебуде» ширақ жігіттердің шеберлігі сыналды.

Нұрлан Әуезханов, Тараз қаласының тұрғыны:

Ләңгі деген - негізі ауылды жерде ойналатын нәрсе. Қазір қалада орталық алаңда көрсетіліп отырған соң, қаланың адамдары қызығушылықпен қарап, бұның бәрі, қарап тұрсаңыз, қандай керемет. Ләңгінің негізі түрі көп. Бұл бірінші «жәй» болады. Одан кейін «висси», «пара», «абой», «пара-кассой», «жәй-люра», «висса-люра». Оның осындай түрі көп.

Қазақша күрес те көрермен көзайымы айналды. Қала тұрғындары мен қонақтар арасынан 60-ға жуық балуан бақ сынасты.  Бұдан бөлек, бүркітшілер мен саятшылар өмірінен сыр шертер көрмелер ұйымдастырылды.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Көрмеде кереге қанат қыран құсты қызығып қараушылар көп. Құмай тазы мен қаршыға құсты да тамашалаушылар толастар емес. Жалпы, Жамбылда жаңа жыл жоғарғы деңгейде өтуде. Ал ақшаңқан киіз үйлерде берекелі дастархан жайылған. Онда негізі тағам наурыз көже таратылып, ұлттық құндылықтарымыз ұлықталуда.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ