Ет дегенде бет барма дейтін халықпыз ғой! Қаржымыз болмаса қарызға сатып аламыз. Сатушылар бар жағдайды жасап қойған. Несиеге де ала аласыз. Несие демекші, келер жылдан бастап банкке борышкер болғандар қарызын аз пайызбен қайтаруы мүмкін. Банктер туралы заңға бірнеше өзгеріс енгізіліп жатыр. Толығырақ "Экономика" топтамасында.
Банктердің несиелік ставкасы төмендеуі мүмкін. Себебі, «Банктер туралы» жаңа заңда қаржы ұйымдарында ислам банктерінің кейбір элементтері қосылады. Бұл дегеніміз банктердің қаржыландыру саясаты өзгереді деген сөз. Қазір бізде 2 ислам банкі жұмыс істейді. Олар қарыздарының 90 пайызын бизнес субъектілеріне берген. Яғни, экономикалық секторды өркендетуді көздейді. Тұтынушылық несиеге де басымдық береді.
БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ, ЭКОНОМИСТ:
Исламдық қаржыландыру тұтынушылық несиені бергеннің өзінде біздегі банктердің 30-35 пайыздық проценттеріндей болмайды. Ол қарапайым халық, тіпті сол исламдық элементтермен несие алғанның өзінде олардың төлеу мүмкіндігі де артады. Қаржылық жағдайы да қиындамайды. Яғни, исламдық қаржыландыру бірінші кезекте адамның моральдық құндылықтарын еске алады. Бұл экономикаға да, қарапайым халықтың тұтынушылық несиесін қалыпастыруға тиімді әсер етеді.
Енді Оңтүстік Кореяға барып заңды түрде жұмыс істеуге болады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев аталған елге жұмыс сапары аясында Қазақстанды еңбекке рұқсат беру жүйесіне енгізу туралы мәселелерді талқылады. Бұл тұста Корей билігі де ЕРS жүйесіне қосуға ниетті екенін айтты. Қазір Алматыда шекара асып нәпақа табуды көздеген азаматтарды кәсіптік және тілдік даярлау бойынша көпсалалы орталық құрылуда. Бұл өзгерістер заңсыз көші-қонның да жолын кесуге әсер етеді дейді мамандар.
Алтын мен мұнайдың құны көтеріліп жатыр. Бренд маркалы мұнай баррелінің бағасы 75 доллар шамасында саудалануда. Бірер күн бұрын 5 процентке арзан болған еді. WTI шикізаты да 71 долларға шарықтады. Ал алтының бір трой унциясы 2700 долларға жетті. Сарапшылардың пікірінше, бағаның қымбаттауына Таяу Шығыстағы қақтығыс әсер еткен.
Валюта бағамына тоқталайық. Қор нарығында доллар 482 теңгеден саудалануда. Еуро 533, ал Ресей рублі 5 теңге 10 тиын болды.