Көктемгі су тасқыны еліміздің ынтымағын арттырып, бірлігін нығайта түскендей. Өйткені өзге өңірдегі компаниялар да қиналған халыққа көмектесіп, барымен бөлісті. Бұл жолы алматылық кәсіпорын үйсіз қалған оралдық 15 отбасыға баспана тарту етіп, тіпті тұрмыстық техникасына дейін түгендеп берді.
Саяжайдағы үйі суға кеткен Мағзомовтар отбасы әуелі эвакуациялық орталықты паналап, кейін пәтер жалдапты. Үйден үмітін үзген отағасы ғайыптан бұйыртқан жаңа үйдің көңілден шыққанын айтып, қуанышын жеткізе алар емес.
АБАТ МАҒЗОМОВ, ТҰРҒЫН:
Квартирді босатыңыз деп жақында айтып қойып еді. Мә, енді қайда барамыз деп жатыр едік. Керемет болды, ойламаған жерден үйлі болып жатырмыз. Алғысымызды айтамыз!
Мәрттік танытып, үйді тегін салған алматылық компания тіпті тұрғындардың тұрмыстық техникасына дейін түгендеп беріпті.
Данияр ДҮЗБАЕВ, ДЕМЕУШІ, ТАПСЫРЫС БЕРУШІ КОМПАНИЯ ӨКІЛІ:
Батыстың халқы қиналып жатқанда біз Алматыда жәй жата алмадық, сондықтан судан зардап шеккендерге біз 15 үй салдық. Үйлердің сапасы жақсы. Қоныстары құтты болсын!
Тасқыннан зардап шеккен оралдықтарға арналған 900-ге тарта үйдің алғашқы легі бүгінде пайдалануға беріліпті.
АЗАМАТ ХАЛЕЛОВ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Барлық азаматқа 100 АЕК шамасында қаржылай көмек көрсетілді. 2300 адамды бүгінде біз баспанамен қамтамасыз етіп отырмыз. Бұл жалпы жалғыз баспанасы деп танылған азаматтардың тізбесінен.
Алматылықтар балаларға базарлық жасауды да ұмытпапты. Енді жеткіншектерге спорт алаңын салып бермек.