Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Қорғаныс министрі әскерилердің жалақысын көтеріп, баспана мәселесін шешуге уәде берді

AstanaTV
24.04.2017ж. 20:00
2657
Қорғаныс министрі әскерилердің жалақысын көтеріп, баспана мәселесін шешуге уәде берді

Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов Үкімет сағатында Қазақстан әскерилерінің жалақысын көтеріп, баспана мәселелерін шешуге уәде берді. Қарулы күштердің қызметі туралы баяндаған ол әскер сарбаздарды әлеуметтік тұрғыдан қамту шаруасы жалғаса түсетінін айтты. Айгүл Әдепбай Үкімет сағытынан.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақовты депутаттар үш сағатқа жуық сұрақтың астына алды. Ақыры әскери адам болса да, министр шаршады. Яғни оның журналистерден арашалап алмақ болған көмекшілері осылай деп ақталды. Сөйтіп қорғаныс министрі Үкімет сағатынан соң өзін журналистерден қорғаумен болды. Тілшілердің сұрағына жауап бергісі келмей, басын алып қашқан ол алысқа ұзай алмады. БАҚ өкілдері әскер қатырында радикалды көзқарастағы сарбаздармен күрес қалай жүріп жатқанын білгісі келіп еді. 

Сәкен Жасұзақов, ҚР Қорғаныс министрі:

Радикалды көзқарасты ұстанатындар жоқ. Әлбетте, бір Аллаға сенетін сарбаздар бар. Ол әркімнің еркіндегі нәрсе. Ал белгілі бір бағытқа бас қойып кеткендер жоқ.

Қарулы күштердің қызметі туралы баяндаған министр әскерилерді уәдемен жарылқап тастады. Біртіндеп жалақыларын өсіріп, баспана жайын шешуге де уәде етті. Жалпы әскер саласындағы қаржыландырудың артатынын айтты.

Сәкен Жасұзақов, ҚР Қорғаныс министрі:

Әскерилерді баспанамен қамтамасыз ету бойынша жаңа ережелердің арқасында үйге қатысты барлық сұрақ шешімін табады. Жалақы соңғы рет 2011 жылы көтерілді. Соны ескеріп, қорғаныс министрлігі еңбекақыны біртіндеп көтеру мәселесін зерттеді. Бұл туралы Жоғарғы қолбасшыға баяндалды және ол мұны қолдады.

Мәжіліс төрағасының орынбасары қорғаныс саласындағы сатып алуларда заң бұзушылықтардың көптеп орын алатынын алға тартты. Ал депутаттар Қарулы күштерге қыруар қаржы бөлінетінін және ол ақшаның талан-таражға түсіп жатқанын айтып алаңдайды.

Омархан Өксікбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан»  фракциясының мүшесі:

Наполеоннан қалған бір сөз бар дейді, өз әскерін асырамаған ел, өзге елдің әскерін асырайды деп. Сондықтан қаражат бөлініп жатыр, қаражаттың аз емес екені көрініп жатыр. Осы кейнігі жылдары қорғаныс министрлігінің саласында талан-таражға түсетін дүниенің сомасы өсіп бара жатыр. Тек 15 жылы 15 млрд теңгенің заты кем шыққаны көрініп отыр.

Сәкен Жасұзақов, ҚР Қорғаныс министрі:

800-ден астам талап-арыз соттарға берілді. Оның бәрін соттан өткізу керек. Оның 90 пайызын Астана соты қанағаттандырды. Оны қайтарып жатыр жайлап. 15 млрд-тың 12 млрд-ына сот шешімі бар.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Дегенмен Сәкен Жасұзақовтың есебі әдемі шықты. Қазақ Қарулы күштері ТМД көшбасшыларының үштігінде. Әскерде әлімжеттік жоқ десе де, оған депутаттар сенімсіздік танытты. Қарулы күштер террористік шабуылға қас қағым сәтте тосқауыл беруге әзір. Айтпақшы, әскери журналистердің де дайындалып жатқанын айтты сәкен Жасұзақов. Бәлкім, әскери тәртіппен дайындалған тілшілер министрін соңынан қумайтын болар.

Айгүл ӘДЕПБАЙ