Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Сүрілетін үйлер үшін берілетін өтемақы құнына қатысты дау толастамай тұр

AstanaTV
24.04.2017ж. 20:00
3000
Сүрілетін үйлер үшін берілетін өтемақы құнына қатысты дау толастамай тұр

Алматыда сүрілетін үйлер үшін берілетін өтемақы құнына қатысты дау толастамай тұр.  Жергілікті билік оны төмен бағалап отырған сыңайлы. Әңгіме жолайрық салынатын аумақтағы үйлерге қатысты. Мүлікті есептеудің қыр-сырын білетін тәуелсіз бағалаушы  Борис  Гузев арнамызға берген сұхбатында осылай деді. Оның сөзінше, өтемақы көлемі жер учаскесінің кадастрлық құны бойынша есептелген. Ал, тұрғындардың үйді ретке келтіруге кеткен шығыны есепке алынбаған.

Айгүл Ермахан, тілші:

Фурманов көшесі эстакадамен теміржол арқылы Жансүгіров көшесіне дейін жолайрық саламыз деген қала билігінің тұрғындармен келісе алмай жатқанына бір-екі ай болып қалды. Маңайдағы жол құрылысына кедергі келтірген 26 жер үйді сүру бойынша жұмыстар бастап кетпек болған атқамінерлер үй иелеріне 5 миллион теңгеге жетер-жетпес  өтемақы ұсынған.  Бұл қаржыға қазіргі нарықта қандай үй сатып аламыз деп дүрліккен халыққа атқамінерлер жерді қайта есептеуге кірісетіндерін жеткізген еді. 

Әліптің артын бағып отырған халық қайта есептеудің өздері үшін тиімді шешілетініне әлі де сенбейді. Виталий Алуев үйін алты жыл бұрын сатып алған. 10 миллион теңгеге күрделі жөндеу де жүргіздім дейді. Оған жергілікті билік үйдің өз құнынан 2 есе төмен баға ұсыныпты. Азын-аулақ қаржыға келіспеймін деп отыр.

Виталий Алуев, қала тұрғыны:

Біз үйімізді сатуға қойған жоқпыз ғой. Өздері келді. Сондықтан заң бойынша жер қатынастары басқармасы нарықтағы бағадан жоғары төлеуі керек. Тәуелсіз бағалаушылар қолдарына есептегіш құралдарын алып келіп, суретке түсіріп жұмыс істейді. Ал жер қатынастары басқармасынан екі әйел келді. Не төлқұжатын көрсетпейді. Барлық сұрақ жер қатынастарына деп қысқа қайырады.

Тұрғындардың сөзінің жаны бар екенін тәуелсіз бағалаушы Борис Гузев те айтып отыр. Оның сөзінше, жер учаскесі кадастрлық бағамен есептелген. Тұрғындардың үйді қалыпқа келтіруге жұмсаған шығыны ескерусіз қалған көрінеді. Сондай-ақ, мүлікті бағалаушылар мен іс сотқа кеткен жағдайда төленетін мемлекеттік баж салығы да есепке алынбаған.  Демек, әкімшілік жер құнын бірнеше есеге төмендетіп отыр деген сөз. 

Борис Гузев, тәуелсіз сарапшы:

Келісімде нарықтағы баға, өтемақы мен шығын  құны көрсетілуі тиіс. Заң бойынша Жер қатынастары басқармасы сотқа беру кезінде мемлекеттік бажды төлеуден босатылған. Мұны Жоғары сотта айтып отыр. Мемлекеттік баж кімнен алынады? Әрине, тұрғындардан. Сонда қалай? Тұрғындарды сотқа береді. Және олар мемлекеттік баж төлейді ме? Мысалы, тұрғынға 30 миллион беру керек болса, оған 2,5 миллион теңге 10 соттық жер үшін беріп отыр. 

Ал, жер басқармасындағылар мүлікті бағалау әдістемесі заңнамада көрсетілген есеппен жүргізіліп отырғанын айтты. Яғни баға мүлікті сатып алу және сату жөніндегі келісім бойынша  төленеді. Егер азамат 10 миллион теңгеге жерді сатып алған болса, оған тиесілі сома  көлемі де осы.

Ардақ Самамбетов, Алматы қаласы жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:

Егер жер учаскесі мүлікті сатып алу және сату жөніндегі келісім бойынша сатып алынған болса, сол бойынша өтемақының көлемі есептеледі. Не болмаса кадастрлық көрсетілген құны бойынша есептелінеді. Сондықтан өтемақы құны нарықтағы бағамен бірдей болмайды. 

Жер қатынастары басқармасының мамандары тұрғындармен тіл табысуды көздейді, сондықтан жер учаскелерін қайта есептеп жатыр. Туындаған мәселені сотқа жеткізбей шешпекші. Бағалау қорытындысы ай соңында белгілі болады деп отыр. 

Айгүл ЕРМАХАН