$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«Ата-анасына қарап үйренеді»: Асхат Аймағамбетов бала тәрбиесі туралы айтты

AstanaTV
13.10.2024ж. 22:24
338
«Ата-анасына қарап үйренеді»: Асхат Аймағамбетов бала тәрбиесі туралы айтты

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов баласының мектебінде ата-аналар жиналысына қатысқанын айта келе, әкенің бала тәрбиесіндегі рөлі туралы ой білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутат өз сөзінде қоғамдағы жағдайларға ерекше тоқталып өтті.

«Мектебіміздегі ата-аналар жиналысына бардым. Ол жиналыс форматында емес, педагогикалық әдеттегідей консилиум түрінде өтті. Әр пән мұғалімімен жеке кездесіп, ақылдасып, баламның мектептегі өмірі жайлы жан-жақты мағлұмат алдым. Ұстаздарға алғысым шексіз. Қоғамымызда болып жатқан түрлі оқиғалар ата-ана, бала және мектеп арасындағы қарым-қатынастың маңыздылығын айқын көрсетеді. Әсіресе, әкелердің балаларының тәрбиесіне және білім алуына белсенді араласуы өте маңызды. Тәрбие – тек мектептің емес, ең алдымен ата-аналар мен қоғамның, мемлекеттің ортақ міндеті екенін түсінуіміз керек», - деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Сөзін жалғай отырып, баланың әлеуметтік желідегі қызығушылығына да назар аудару керек екенін айрықша айтты.

«Мейірімділік, құқықтық мәдениет және басқа адамның құқықтарын құрметтеу – баланың отбасында көріп-білгенінен, алған өнегесінен қалыптасады. Бала ата-анасының айтқанына емес, істегеніне қарап үйренеді. Егер ол үйде зорлық-зомбылық көрсе, оны да басқаларға тарататыны анық. Үйде ізденімпаз, жақсылыққа жаны құмар ата-ананы көрген бала соны таратады. Бұның сыртында баламыз телефонда, әлеуметтік желіде не көреді, не оқиды соған да мән берген дұрыс. Бүгін желінің жетегінде кетіп жатқан қаншама жасөспірімдер бар. Балаларымыздың күнделікті өміріне, мектеп жиналыстарына қатысып, құндылықтар негізінде тәрбиелеп, көбірек көңіл бөлейік. Себебі, баламыздың бойындағы әр өзгерісті ұстаздармен бірге бақылап, әрекет жасау маңызды», - деп жазды Мәжіліс депутаты.