Ішкі істер министрлігі азаматтар мен мемлекетке миллиондаған шығын келтіріп, 150-ден аса көлікті заңсыз тіркеген арнайы халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерін және олардың делдалдарын ұстады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәліметтерге сенсек, арнайы жедел іс-шаралар барысында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлінісі прокуратураның көмегімен Алматыда көлік құралдарын тіркеуге қоюдың қылмыстық циклін анықтады.
Топ көлік құралының бірегей кодын өзгерту және құжаттарды қолдан жасау арқылы автокөліктерді тіркеген. Осылайша VIN-кодтарды өзгертумен айналысқан жерасты цехының жұмысы әшкереленді. Тіркеуге заңсыз қойылған 150-ден астам автокөлік анықталды.
"Қылмыстық іс-әрекетке арнайы халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің және делдалдардың қатысы анықталды. Бір дропперге 50 автокөлікке дейін тіркелген. 17 күдікті ұсталды. Заттай дәлелдемелер тәркіленді. АЕҚ қауіпсіздік қызметімен бірлесіп тексеру жалғасып жатыр", – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті өкілі Қуандық Алпыс.
Мемлекетке заңсыз әрекеттерден келтірілген залал шамамен 320 миллион теңгеден асты.
Алаяқтық, мәліметтер базасындағы ақпаратты заңсыз өзгерту мен көлік құралдарының сәйкестендіру нөмірлерін қолдан жасау фактілері бойынша 17 қылмыстық іс тергеліп жатыр.