Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Сайыр Солтүстік және Шығыс Қазақстан өңірлерін газдандыру жоспарын нақтылауды ұсынды, деп хабарлайды AstanaTV.
Депутат Энергетика министріне «Есіл-Астана» газ құбыры жобасы іске қосылғаннан кейін Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарын газбен қамту қандай сценарий бойынша жүзеге асырылатынын және бұл өңірлерді 2036 жылға қарай елді газдандыру деңгейін 80 пайызға жеткізу жоспарына жеке енгізу мәселесін түсіндіруді сұрады.
Үкімет 2036 жылға дейін елімізде газдандыру деңгейін 80 пайызға жеткізу мақсатын қойып отыр. Сайлау алдындағы кездесулер барысында Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Абай, Шығыс Қазақстан облыстары тұрғындары «Әділет» партиясы өкілдеріне осы аумақтарды газдандыру мәселесін көтеруді бірнеше рет сұрады. Солтүстік және Шығыс өңірлерді газдандыру, атап өткеніміздей ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарларда көзделген. Дегенмен, 2026 жылы практикалық конфигурация өзгере бастады: солтүстік бағыт бойынша Петропавл, Көкшетау және Астананы газбен жабдықтауға бағдарланған «Есіл-Астана» магистральдық газ құбырының жеке жобасы жасалып жатыр, – дейді депутат.
Павлодар облысы, Абай облысы және Шығыс Қазақстан облысы бойынша газбен жабдықтаудың нақтыланған дәрежедегі моделі ашық көздерге ұсынылмай отыр деп атап өтті депутат.
Халықты газбен қамту әлеуметтік аса маңызды мәселе деген депутат «Әділет» Фракциясы келесі қадамдарды қажет деп есептейтінін айтты.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Солтүстік- шығыс экономикалық аймағын газдандыруды тездету.
Құбыр тарту үшін мемлекеттік-жекешілік әріптестік, жеке инвестиция көздерін тарту.
Елімізде ішкі газ көздерін іздестіруді тереңдету.
Халық арасында бұл мәселенің шешілу тетіктері мен мерзімдері жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүйелі жүргізу.