$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Ұлытау облысында соңғы 9 айда 3 жүзден астам тұтынушының құқығы бұзылған

30.10.2024ж. 20:00
276
Ұлытау облысында соңғы 9 айда 3 жүзден астам тұтынушының құқығы бұзылған

Ұлытау облысында соңғы 9 айда 3 жүзден астам тұтынушының құқығы бұзылған. Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне осы мерзім ішінде 385 арыз түсті. Тауардың мерзімі өткен, таңбасы не сертификаты, тіпті декларациясы жоқ, болмаса сатушы бұйымды ауыстырудан бас тартады. Осы секілді шағымдар көбейіпті. Бұл туралы мамандар мәлімдеді. 

Тұрғындарға жақсы тауар ұсыну- әр кәсіпкердің міндеті. Халықты сапасыз әрі қауіпті өнімдерден қорғауды көздейтін « Сапалы өнім» жобасына бағынуы тиіс. Алайда көбі тұтынушылар құқын бұзады. Өнімді айырбастаудан бас тартады. Кей тауардың не таңбасы, не сертификаты жоқ болып шығады,- дейді мамандар.

ЖАСҰЛАН ДӘУЛЕТБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ САУДА ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

«Таңбалауы, ол маркировка және сол таңбалауында анықталған бұзушылықтар, ол- қазақ тілінде ақпараттың болмауы және өнімнің маркировкасында толық ақпараттың берілмеуі, яғни оның құрамы, құрымындағы заттардың мөлшері, сол сияқты таңбалануы болмайды. Сонымен қатар тауардың мерзімінің өтіп кетуі анықталды».

Ұлытау облыстық Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне соңғы 9 айда тұтушылардан 385 шағым түскен. Мамандар оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кейбіреуіне сотқа дейінгі арыз жазуға көмектескен.

ЖАСҰЛАН ДӘУЛЕТБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ САУДА ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

«Оның барлығы халықтың денсаулығына зиян екенін ескере отырып біз бұл іс шараны Ұлытау облыстық санитариялық- эпидемиологиялық департаментіне жолдаймыз. Ол бойынша 9 әкімшілік іс қарастырылды. 9 өнімнің декларациясын тоқтату жұмыстары атқарылған болатын».

Санитарлық дәрігерлер 105 тағамның сынамасын алып зертеген. Нәтижесінде 16 өнім талапқа сай келмей шықты. Көбісінің таңбасы дұрыс емес. Сондай- ақ тұрғындардың шағымымен 22 жоспардан тыс тексеру жүргізген. Сөйтіп 12 кәсіпкерге айыппұл салынды.

ӘСЕЛ БИТАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ САНЭПИД БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫ ОРЫНБАСАРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

«Өнім, оның ішінде шетелдік өнім міндетті тұрде осы ҚР аясында заңнамалыққа сәйкес болуы тиіс. Ол ҚР техникалық регламенттері және Еуразиялық экономикалық техникалық регламенттердің техникалық талаптарына сай болуы тиіс. Бақылау мақсатында сатып алу немесе жеке не заңды тұлғалардың өтініштері аясында қаралып, арнайы акредиттелген зертханаларға өткізіледі. Зерттеу нәтижесі 10 күнге дейін жүргізіледі».

Негізінде сатушы тұтынушы қаласа алынған бұйымды 14 күннің ішінде ауыстырып беруі тиіс. Сонымен қатар әсіресе тағамдарда қазақ және орыс тілінде ақпарат берілуі шарт.