$488.26 €530.54 ₽5.03
×

Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті 35 мемлекеттің қатарына қосылды

31.10.2024ж. 20:00
65
Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті 35 мемлекеттің қатарына қосылды

Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті 35 мемлекеттің қатарына қосылды. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-шы пленарлық отырысында айтты. Елордаға жиналған ірі инвесторлар инвестициялық климатты жақсартуға қатысты ұсыныстарымен бөлісті. Шетелдік инвесторлар неге Қазақстанды таңдайды? Алдағы уақытта қандай жобалар іске асады? Тілші материалында.

МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Бүгінгі басқосуда Қазақстанның жаңа инвестициялық циклы сөз етілді. Шараға 20-дан астам елден 40-қа жуық компания өкілдері келді. Жаһандық сын-қатерлерге қарамастан Қазақстан шетелдік инвесторлар үшін тартымды мемлекет. Олар, әсіресе, мұнай-газ, тау-кен, ақпараттық технологиялар, көлік-логистика және медицина салаларына инвестиция құюға ниетті.

Қауіпсіздік, тиімділік және ашықтық. Шетелдік меймандар осы үш критерийді инвесторлар үшін ең маңызды деп атап өтті. Бұл тұрғыда елімізде инвесторлардың жұмыс істеуіне барынша қолайлы жағдай жасалған. Былтыр Қазақстанға өзге елден 23 млрд доллар көлемінде инвестиция тартылды. Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика секторындағы жағдайды айта келе, ел дамуында халықаралық мұнай компаниялары маңызды рөл атқарғанына айрықша тоқталды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Шетелдік инвесторлар елімізге капитал құйып, озық технологиялары мен жоғары білікті мамандарын әкелді. Олардың инвестициясы отандық энергетика саласының дамуына оң ықпал етті: кейінгі 30 жылда мұнай өндірісі үш есе артты. Осы көрсеткіштердің нәтижесінде Қазақстан мұнай өндіру қарқыны жоғары мемлекеттердің үздік бестігіне кірді. Болашақта біз бұл межені жылына 100 миллион тоннадан асыруды көздеп отырмыз.

Өнеркәсіптің өркендеуі үшін жоғары білікті жұмысшылар қажет. Осы себепті Қазақстан кәсіптік-техникалық білім беру сапасын арттыруға, сондай-ақ тиісті инфрақұрылымды дамытуға ниетті инвесторларды іздейді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жақында қабылданған 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспары жергілікті өндірушілерге тың мүмкіндік ұсынады. Жалпы сомасы 86 миллиард доллардан асатын 200-ге жуық ірі инфрақұрылымдық жоба іске асырылмақ. Үкімет жергілікті өндірушілерден офтейк-келісімшарттар арқылы сатып алуға арналған тауарлар тізімін жасақтап жатыр.

Қазақстан көлік және логистика секторында Еуразиядағы негізгі тасымал торабы ретінде өз позициясын нығайтпақ. Елімізде он бір мың шақырым ескі темір жолды жөндеу және бес мың шақырымнан астам жаңа темір жол салу жоспарланған. Темір жол саласының дамуына американдық Wabtec компаниясы белсенді атсалысып келеді. Кәсіпорын- көлік және логистика саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі. Ол 2000-шы жылдардың басынан бері елге жалпы құны 100 млн доллар көлемінде инвестиция құйған.

РАФАЭЛЬ САНТАНА, WABTEC КОМПАНИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ ЖӘНЕ БАС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Соңғы 12 айда Қазақстанда жаһандық инжинирингтік орталық аштық. Бұл Қазақстанға темір жол көлігінің қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Біздің компанияда бір мың қызметкер жұмыс істейді. Олардың барлығы қазақстандықтар. Біз олардың әлеуетін үнемі дамытып отырамыз. Сондай-ақ өз қызметтерімізді кеңейтуге ниеттіміз. Мәселен, сандық өнімдер, т.б.

«Досы көпті жау алмайды». Кеңес отырысында сөз алған Еуропалық Қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо қазақтың мақалын мысалға келтірді. Оның айтуынша, Қазақстандағы инвестициялық климат өте жақсы деңгейде. Бизнес жүргізуге кері әсерін тигізетін бюрократиялық кедергілер жойылған. Мемлекеттік-жеке меншік серіктестік тәсілімен көптеген жаңа нысандар пайда болып жатыр. Еуропалық қайта құру және даму банкінің көмегімен Көкшетау қаласында 650 орындық жаңа аурухана бой көтермек.

ОДИЛЬ РЕНО-БАССО, ЕУРОПАЛЫҚ ҚАЙТА ҚҰРУ ЖӘНЕ ДАМУ БАНКІНІҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл өзгерістер Қазақстан экономикасының қарқында өсуіне жол ашады. Бұл өте жақсы. Қазақта жақсы бір мақал бар. Сіздерде «Досы көпті жау алмайды» дейді. Бұл ретте айтқым келгені – Еуропа қайта құру және даму банкі Қазақстанның ең жақын достарының бірі.

Ел алдында 2029 жылға қарай шетелден қосымша 150 миллиард доллар тікелей инвестиция тарту мақсаты тұр. Бұл міндетті іске асыру үшін Үкімет жанындағы Инвестициялық штабқа туындаған проблемаларды жедел шеше алатын құзырет берілді.