Спорт Қазақстан
$439.4 €473.54 ₽4.76
×

Аулаларын су басқан Алматы облысының тұрғындары жергілікті биліктің ісіне наразы

AstanaTV
02.05.2017ж. 20:00
2691
Аулаларын су басқан Алматы облысының тұрғындары жергілікті биліктің ісіне наразы

Үйлерін су басқан Алматы облысының тұрғындары жергілікті әкімдіктің алаңсыз қарекетіне ашулы. Жуырда ғана қатты нөсер жауыннан Қарғалы өзені арнасынан тасып, 150 аулаға су кірген. Саяжайдағы үйлердің іші лайға толған еді. Тұрғындар атқамінерлерді жайбасар деп отыр. Қазір олар үйлерін қалпына келтіру жұмыстарына өздері кіріскен. Үй ішін өздері тазалағанымен, ауланы батпақтан арылтуға арнайы техника керек, дейді.

Юрий Сорокопут, Алматы облысы «Ақсай-19» саяжайының тұрғыны:

Өзен арнасынан тасыған кезде бүкіл қоқысты үйімнің алдына төгіп тастады. Ертең күн ысиды. Мынаның барлығы сасиды. Бұл лас қоқыстан жұқпалы індет тарайды. Жергілікті биліктен, төтеншеліктерден де көмек сұрадық. Ешкімнің қимылдайтын түрі жоқ.

Жергілікті биліктің де айтары бар. Әкімдікке тиесілі арнайы техникалардың дені өзен арнасын бекіту жұмыстарына жұмылдырылған. Айтуларынша, шенеуніктер тұрғындарға көмектесу үшін  қолдарына күрек алып, аулаларға кірер жолды лайдан тазартуға көмектескен. Алайда барлық үйге адам күші жетпейді.

Айдын Әуесбай, Алматы облысы Райымбек ауылдық округінің  әкімі:

Біз көмек сұрағандардың барлығының тізімін алып, аулаларын тазаладық. Көмектен бас тартқандар өздері тазалап алатын болды. Бүгінгі күні «Қазсуданқұтқарудың» 3 арнайы техникасы мен 5 камаз өзен арнасын бекіту жұмыстарына жұмылдырылды. Бұл табиғи апат. Егер үйлері сақтандырылған болса, онда сақтандыру төлемдерін ала алады. Бұл саяжай массиві болғандықтан, көбінің үйі сақтандырылмаған.