$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Испания тұрғындары су тасқынынан зардап шеккен аймаққа барған патшаға балшық лақтырды

AstanaTV
04.11.2024ж. 12:25
215
Испания тұрғындары су тасқынынан зардап шеккен аймаққа барған патшаға балшық лақтырды


Валенсия провинциясындағы Пайпорта қаласының тұрғындары жойқын су тасқынынан зардап шеккен аймаққа барған Испания королі Филипп VI-ға балшық лақтырды. Испандықтар 200-ден астам адамның өмірін қиған табиғи апаттың қаупі туралы дер кезінде хабарламаған билікке осылайша наразылығын білдірді. Бұл туралы BBC хабарлайды. 

Филипп VI Валенсияға әйелі, патшайым Летиция, премьер-министр Педро Санчес және басқа да ресми тұлғалармен келді.

Испаниядағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 205-ке жетті: Құтқарушылар кейбір аудандарға жете алмай жатыр

2000 жыл бұрын салынған ежелгі Рим бөгеті Испанияның бірнеше қаласын су тасқынынан құтқарды

Патша мен патшайым су тасқынынан зардап шеккен қалалардың бірі Пайпортуға сапарын тоқтатуға мәжбүр болды.Себебі наразылық білдірушілер оларға балшық және басқа заттар лақтырған. Бұл жағдай корольдің тұрғындармен сөйлесуге әрекет жасаған кезінде болған. 

AFP басылымының хабарлауынша, тұрғындардың наразылығы негізінен премьер-министр Санчес пен Валенсия аймағының басшысы Карлос Масонға бағытталған. Король су тасқынынан зардап шеккен қала Чиваға жоспарланған сапарын кейінге қалдырды.

Кейінгі мәліметтерге сәйкес, Испания тарихындағы ең алапат су тасқыны 217 адамның өмірін қиды. Оның 60-тан астамы Пайпортта болды. Іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Қаза болғандар саны әлі де өсуі мүмкін.

Валенсиядағы жаңбыр көпірлерді қиратып, көліктерді шайып, көшелерді балшықпен басып қалған. Көптеген қалалар жарықсыз, сусыз және азық-түліксіз қалды. Әсіресе Валенсия қаласының маңындағы елді мекендер қатты зардап шекті.

Филипп VI оққағарлары және полициямен бірге Пайпортаның жаяу жүргіншілерге арналған көшелерінің бірінде өтіп бара жатқанда, оны халық қоршап, оған "қанішер", "ұятсыз" деп айқайлаған. 

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, билік су басу қаупін дер кезінде ескертпей, табиғи апат кезінде баяу әрекет еткен. Көбі құтқару операциясының дұрыс жүргізілмегенін айтты. Төтенше жағдайлар қызметкерлеріне көмектесу үшін мыңдаған еріктілер барған. Билік өкілдері кәсіби құтқарушылардың зардап шеккен аудандарға жетуін жеңілдету үшін жолдардағы көлік қозғалысын шектеген.

"Көмектесіңізші! Гараждарда әлі де өлгендер бар. Көптеген отбасылар туыстары мен достарын іздеп жатыр.ү Біз тек көмек сұраймыз. Шаршап кеттік. Алдын ала ескерткенде қашып құтылар ма едік", – дейді наразылық акциясына қатысушылардың бірі.

Ал Валенсия билігі қолдан келгеннің бәрін жасағанын айтты.

3 қарашада федералды билік жойқын су тасқынының салдарын жоюға тағы 10 мың әскери және полиция қызметкерлерін жібергенін хабарлады. Осылайша, операцияға қатысатын құқық қорғау органдары өкілдерінің жалпы саны 17,5 мың болды.