$495.2 €522.34 ₽4.94
×

Доллар 500 теңгеге жуықтады

05.11.2024ж. 20:00
257
Доллар 500 теңгеге жуықтады

АҚШ-тағы Президент сайлауына байланысты доллар қымбаттап жатыр. Мамандар осылай дейді. Қазірдің өзінде 500 теңгенің маңайында саудалануда. Алдағы уақытта шетел валютасы қалай құбылады? Толығырақ "ЭКОНОМИКА" топтамасында. 

Көк қағаздың құны шарықтап барады. Ақша айырбастау пунктерінде АҚШ валютасы 488-492 теңгеден саудалануда. Мамандар бұған бірнеше фактор әсер еткенін айтады. Мәселен, жылдың аяғында компаниялар қорытынды жасап, жаңа бюджеттік кезеңге дайындықты бастайды. Бұл -доллардың қымбаттауының бірден-бір себебі. Қазіргі мұнай бағасының құбылуы да төл теңгемізге тікелей әсер етуде. Соңғы аптаның өзінде БРЕНД маркалы қара алтын барреліне 80 доллардан 71 долларға дейін арзандады. АҚШ-тағы Президент сайлауы да валютаның құбылуына әсер етуде. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов теңгенің құлдырауы күтілмейтінін айтты. 

ТИМУР СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІ ТӨРАҒАСЫ:

Еш жағдайда теңге құлдырауы болмайды. Біз екі жақты құбылмалылықты көріп отырмыз, яғни теңге бағамы әрі нығаюы, әрі әлсіреуі мүмкін. Бұл сыртқы және ішкі макроэкономикалық факторлармен байланысты. Мысалы, АҚШ президентінің сайлауы сияқты маңызды оқиғалар нарыққа айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар, ОПЕК+ шешімін күтудің маңызы бар. Егер ұйымға мүше елдер мұнай өндіруді шектеу туралы келісімге келсе, бұл Қазақстанға оң әсерін тигізуі мүмкін.

АҚШ валютасы қымбаттап жатса да, көпшілік теңгесін долларға айырбастауға құлық танытпай отыр. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жеке тұлғалардан сатып алу көлемі 14 пайызға, ал сату 6 процентке төмендеген. Ал еуроға сұраныс жоғары. Биылғы жылдың 3-тоқсанында жеке тұлғалар айырбастау пунктерінен 126 млн еуро сатып алған. Сатқандар да жетерлік. Олар 153 млн еуросын айырбастаған. Ал Ресей рубліне сұраныс 21 пайызға артты.

Жыл басынан бері жеке тұлғаларға 19,5 трлн теңге несие берілді. Оның 13 трлн теңгеге жуығы тұтынушылық кредиттер. Ал 5,8 трлны ипотекаға тиесілі. Бұл ретте алғашқы 9 айда ипотекалық қарыз беру шамамен 1,4 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17 пайызға артық.

Еліміздің тұмса табиғатын тамашалауға келетін туристер саны жылдан-жылға артып келеді. Бұл -тұралап қалған туризмнің қайта түлеп жатқанының айғағы. Биыл елге келген қонақтар бюджетке 4,1 млрд теңге кіріс түсірген. Бұл қаржының 43 пайызы көршілес Ресейден келген туристерге тиесілі. Олар елде 1,8 млрд теңге жаратқан. Өзбек ағайындар 392 млн теңге жұмсады. Түріктер шамамен 300 млн теңгесін бізде демалуға арнаған. Қонақтар жүріс-тұрысқа қаржысының 48 процентін, Ішіп-жемге 17, ал шопингке 12 пайызын жаратқан.