Батыс Қазақстан облысы Зачаган ауылында қаңғыбас иттер қойларға шабуыл жасады. Иттер қораның есігінің астын қазып, ішке кіріп, бірнеше ондаған қойды талап тастаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Иттерді ұстау қызметінің мамандары оқиға орнына келіп, агрессивті жануарларды қолға түсірді.
Зачаган ауылының әкімі Аққали Әубәкіровтің айтуынша, ауданда мұндай жағдай бірінші рет емес. Дәл осы ауыл тұрғынының малына 19 қазанда да шабуыл жасалып, сол кезде жүздеген қойды қырып кеткен болатын. Бұл жолы 17 қой шығын болды. Ол кезде иттер ұстатпай кеткен, тіпті, қасқыр болуы мүмкін деген болжамдар айтылған еді.
«Иттер есіктің төменгі бөлігінен ағашты кеміріп, ор қазып, қораға кірген. Біз келген кезде иттер өте адуынды болды, жақындау мүмкін емес еді. Иттер қойлардың көмейін жаралаған. Қазір олар ұсталды, қалалық ветстанцияға жеткізілді. Заң бойынша атуға рұқсат жоқ. Енді иттердің құтыру ауруына шалдыққан-шалдықпағанын анықтау керек. Әкімдік тарапынан қой иесіне көмек көрсетеміз», — деді Аққали Әубәкіров.
Малиесі Есенгелді Айтмұхамбетов қойларды көпбалалы отбасын асырау үшін ұстағанын айтты. Оның он немересі бар.
«Таңғы сағат 7:30-да күзетші хабарласып, иттердің қойларға шабуыл жасағанын айтты. Оларды шығармауды өтінді. Бұл екінші жағдай. Біздің болжамымыздың дұрыс екені расталды, бұл — қаңғыбас иттер. Сол кезде 86 қойды талап, тағы 14-ін жарақаттанғандықтан союға мәжбүр болдық. Бүгін 10 қойды өлі күйінде таптық, тағы жетеуін союға тура келеді. Бірінші шабуылдан кейін бұл жағдайды садақа деп қабылдадым. Бізде қорғаныс жоқ, қаруымыз жоқ. Қорада санаулы ғана қой қалды», — деді Есенгелді Айтмұхамбетов.
Ол өткен жолы әкімдік тарапынан өлі қойларды арнайы мал қорымына жеткізу үшін техника және жұмыс күшімен көмек көрсетілгенін атап өтті. Енді де көмекке үміт артады.
Қалалық ветстанцияның директоры Ерлан Ищанов иттерді ұстау бригадасының екі итті қорада қолға түсіргенін айтты. Иттерде чип жоқ екен.
«Біз оларды торға салып, кейін көлікке тиедік. Заңға сәйкес, атуға рұқсат жоқ. Олар 10 күн карантинге жіберіледі, осы кезеңде бақылауда болады. Иттердің иелері табылмаса, жануарларды, шамамен, эвтаназияға жібереді. Олар агрессивті мінез көрсетуде және адамдар үшін қауіпті. Тіпті құтыру анықталмаса да, бұл иттерді өз мекеніне жіберуге болмайды», — деп түйіндеді Ищанов.