$494.87 €520.65 ₽4.91
×

"Түркі мемлекеттері ұйымы аз ғана уақыт ішінде беделді құрылымға айналды", - Президент

06.11.2024ж. 20:00
153
"Түркі мемлекеттері ұйымы аз ғана уақыт ішінде беделді құрылымға айналды", - Президент

Түркі мемлекеттерінің өзара сауда көлемі 45 млрд доллардан асты. Ұйымның 11-ші саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев бұл көрсеткішті одан сайын ұлғайтуға болатынын айтты. Бішкекте бас қосқан бауырлас елдердің басшылары ортақ мәселелерді талқылап, 8 құжатқа қол қойды. Ұйымның беделін арттыруға бағытталған жиын туралы Сүндет Оралбек айтады. 

Түбі бір түркі елдерінің бірлігі бекем. Бүгінде бауырлас халықтар құрған ұйымның шоқтығы биік, төрткүл дүниеге танымал. Ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары экономикалық ахуалды арттыру үшін, қауіпсіздікті нығайту және тұрақты даму мақсатында Бішкекте бас қосты. Қасым-Жомарт Тоқаевты «Ынтымақ Орда» ғимаратында Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров күтіп алды. Мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері ұйымының 11-ші саммиті ұйымның 15 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғанына назар аударды. Қонақжайлық көрсеткен біртуған қырғыз халқына шынайы ризашылығын білдірді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл – мерейлі белес. Осы сәтті пайдаланып, баршаңызға құтты болсын дегім келеді. Түркі мемлекеттері ұйымы аз ғана уақыт ішінде беделді құрылымға айналды. Оның әлемдік мәртебесі артты. Бұл – ең алдымен, берекелі бірлігіміздің, ортақ күш-жігеріміздің арқасы. Осы басқосу ырысты ынтымағымызды одан әрі нығайта түседі деп сенемін.

Ұйымның 10-шы саммиті былтыр біздің елде өтті. Қазақстанның төрағалығымен 80-нен астам іс-шара ұйымдастырылды. Соның бірі - Астанада өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары. Байрақты бәсеке Ұлы дала өркениетін жер-жаһанға танытты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстан Ұйымның іс басындағы төрағасы ретінде «TURKTIME!» ұранын көтерді. Түбі бір түркі жұртын біріктіруге баса мән бердік. Жан-жақты ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аудардық. Осы уақыт аралығында нақты жетістіктерге қол жеткіздік. Бірқатар жобаны жүзеге асырдық. Түркі әліпбиінің ортақ нұсқасы бекітілді. Мұны тарихи оқиға деуге болады.

«Экономикалық интеграция, тұрақты даму, цифрлық болашақ және қауіпсіздік». Бүгінгі саммит осындай атаумен өтті. Алқалы жиынның тақырыбын айыр қалпақты ағайын жайдан-жай таңдамағаны рас. Себебі, ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы сауда-саттық, қаржы инвестиция салаларындағы байланыс беки түскен. Түркі интеграциясын тереңдетуге бағытталған бірнеше нақты қадам жүзеге асырылуда.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Соңғы 10 жылда ұйым мүшелері арасындағы экономикалық байланыстар нығая түсті. Биыл өзара сауда айналымы 45 миллиард доллардан асты. Осы көрсеткішті әлі де ұлғайтуға болады. Оған мүмкіндігіміз жетеді.

Қазір ұйымға мүше елдер арасында көлік-логистика бағытындағы байланыстарды нығайту өте маңызды. Себебі, бұл қадам Түркі әлемін экономикалық тұрғыдан одан әрі өркендетуге жол ашады. Ол үшін Орта дәліздің әлеуетін толық пайдаланған жөн.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Оның стратегиялық мәні бар. Сондықтан тасымалдау жолдарына қатысты бірлескен келісім жасау қажет. Мұндай қадам тұрақты дамуды қамтамасыз етеді. Ұйымға мүше мемлекеттер бұл бастамаға қолдау білдіреді деп сенемін.

Мемлекет басшысы Түркі өркениетін жаңғырту үшін адам ресурстарын тиімді пайдалану керек екенін айтты. Дарынды жастардың әлеуетін ашуға мүмкіндік жасау қажеттігін жеткізді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ғылым-білім саласындағы ынтымақтастық аясын кеңейткен жөн. Былтырғы Саммитте елдерімізде беделді университеттеріміздің бөлімшесін ашу туралы ұсыныс айтылды. Соның нәтижесінде Қазақстанда Түркияның Гази университетінің филиалы ашылды.

Мемлекет басшысы түркі әлеміне ортақ ақпарат кеңістігін қалыптастыру мақсатында кабельдік телеарналардың өзара хабар таратуын ұйымдастыру қажет екенін баса айтты. Президент сөз соңында Ұйымға төрағалық ететін Қырғыз еліне табыс тіледі. Жиын барысында 8 құжатқа қол қойылды. Барлығы да достық ынтымақтастықты дамытуға және ұйымның беделін күшейтуге үлес қосады. Келесі басқосу 2025 жылы Венгрия астанасы – Будапешт қаласында өтпек.