$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Президенттіктен үміткерлер міндетті медициналық тексеруден өтеді

AstanaTV
04.05.2017ж. 20:00
2145
Президенттіктен үміткерлер міндетті медициналық тексеруден өтеді

Елімізде президенттіктен үміткерлер міндетті медициналық тексеруден өтетін болады. Бұл норма Конституциялық заң жобасына еніп отыр. Оны Мәжілісте Әділет министрі Марат Бекетаев таныстырды. Министрдің айтуынша, медициналық куәландыруды Денсаулық сақтау министрлігі мен Орталық сайлау комиссиясы жүргізеді.

Жалпы сегіз Конституциялық заңға өзгерістер енгізілмек. Оның ішінде «Парламент және депутаттар мәртебесі туралы» заңына толықтырулар қаралған. Бұдан былай Премьер-министр, министрлердің кандидатурасын депутаттарға ұсынады. Халық қалаулылары үміткерді бекітпей қоюға құқылы. Ондай жағдайда Үкімет басшысы сол адамды қайта ұсына алады, немесе басқа министр іздеуге мәжбүр болады.

Депутаттар сұрағына жауап беріп болған Әділет министрі Марат Бекетаев "Астана" телеарнасының сауалына да жауап тапты. Қазақшасынан орысшасы басым министр бір жылда қазақша сайрауға уәде берді.

Марат Бекетаев, ҚР Әділет министрі:

Бір жылдың ішінде толық жауап беремін. Мен қазір аптасына 3 рет сабақ аламын. Мен өзімді жақсы сезініп жүрмін. Өйткені мен қазір ауылға барған кезде қазақша сөйлеймін. Туыстарыммен қазақша сөйлеймін. Маған ол жақсы болды.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін тағы бір лауазымды тұлға 1 жылда қазақшам судай болады деп сендірген еді. Ол - Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев.

-Сіз қашан үйренесіз? 

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банк төрағасы:

Өте дұрыс сұрақ. Келесі жылы. Бір жыл керек.

Айгүл ӘДЕПБАЙ