$522.49 €547.88 ₽5.06
×

Еңбек демалысы үшін жанжалдасқан: Ақтөбеде жедел жәрдем қызметкері әріптесінің үйін өртеп кеткен

AstanaTV
12.11.2024ж. 10:00
262
Еңбек демалысы үшін жанжалдасқан: Ақтөбеде жедел жәрдем қызметкері әріптесінің үйін өртеп кеткен

Ақтөбеде жедел жәрдем қызметкері өз әріптесінің үйіне өрт қойып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Мой город сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ақтөбе қаласының №2 соты жедел жәрдем жүргізушісіне қатысты қылмыстық істі қарады. Оған бөтеннің мүлкін қасақана өртеп жіберді деген айып тағылды. Іс материалдарынан ер адамдар арасындағы жанжал 2024 жылдың шілде айында болғаны белгілі болды.

“Сотталушы жұмыс орнында әріптесімен оған кезекті еңбек демалысын бермегендіктен жанжалдасып қалған. Содан кейін әріптесінің пәтерінің кілті бар екені есіне түсті. Ол жәбірленушінің үйіне таксимен барып, пәтерді кілтпен ашып, үйді тексерген. Сосын жатын бөлмесінің есігінде ілулі тұрған джинсы шалбарды оттықпен өртеп кеткен”, – делінген хабарламада.

Сот отырысында сотталушы тағылған айыпты толығымен мойындады. Оның кінәсі жәбірленушінің айғақтарымен, оқиға болған жерді қарау актісімен, өрт-техникалық сараптамасының қорытындысымен және іс материалдарында ұсынылған басқа да дәлелдемелерімен расталды.

Сот жеңілдететін мән-жай ретінде сотталушының балаларының болуы, оның шын жүректен өкінуі, кінәсін толық мойындауы және мүліктік залалды ерікті түрде өтеуін ескерді. Ешқандай ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, пробациялық бақылау белгіленіп, 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Жәбірленушінің талап арызы келтірілген шығынға байланысты өз өтініші бойынша қанағаттандырусыз қалдырылды. Соттың үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.