$497.89 €525.12 ₽5
×

«Қоңырауға мән бермеген»: Өрт сөндіру қызметі үйі өртенген тұрғынға 11 млн төлеуге міндеттелді

AstanaTV
18.11.2024ж. 21:14
125
«Қоңырауға мән бермеген»: Өрт сөндіру қызметі үйі өртенген тұрғынға 11 млн төлеуге міндеттелді

Алматы облысында өрт сөндірушілердің баяу әрекетінің кесірінен ауыл азаматының үйі өртенген. Енді сот шешімімен өрт сөндіру қызметі материалдық шығынды өтеуге міндеттелді.

Алматы облысы сотының мәліметіне сәйкес, 2023 жылдың мамыр айында сағат 17:30 шамасында Алматы облысы, Елтай ауылының тұрғыны өрт сөндіру бөліміне телефон соғып, үйіне жақын аумақта кепкен шөптің өртеніп жатқаны туралы хабарлаған.

Өрт сөндірушілер қоңырауға мән бермеген. Өрт орнына әкімдік өкілі жетіп, жергілікті тұрғындармен бірге қолдан жасалған құралдармен өртті сөндіруге әрекеттенген. Өрт сөндіру қызметі жалынды сөндіруге тек 22:40–та, от талап қоюшының үйіне жеткен кезде ғана кіріскен. Салдарынан үй өртеніп, ауыл тұрғынына 11,9 млн теңге материалдық шығын келтірілген.

Осыған байланысты азамат Елтай ауылдық округі әкімі аппаратының және Өрт сөндіру қызметінің өрт кезіндегі әрекетсіздігін заңсыз деп тану және осыған байланысты келтірілген материалдық шығынды өтеуді талап етіп сотқа жүгінген.

— МАӘС-ы Өрт сөндіру қызметінің әрекетсіздігін заңсыз деп танып, келтірілген материалдық шығынды 11,9 миллион теңгені өтеуге міндеттеді. Өрт сөндіру қызметі бұл шешімге шағым түсірді. Алматы облыстық соты іс материалдарын зерделей келе, бірінші сатыдағы соттың шешімі заңды және негізді деген қорытындыға келді. Іс бойынша үкім өзгеріссіз қалдырылды, — деп хабарлады облыстық соттан.

Бұл туралы Қазақпарат жазады.