Атыраудағы мал базары қызметкерінен сібір жарасы анықталды. 18 жастағы науқастан алынған ПТР сынамасы оң нәтиже көрсеткен. Ақ халаттылардың айтуынша, науқаста сібір жарасының терілік формасы. Қазір №2 облыстық ауруханада ем алып жатыр.
АЛМАГҮЛ ӘБІЛОВА, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Терілік формасы жеңіл түрде өтетін формасы болып саналады. Науқастың күні бүгін дене қызуы қалыпты. Жалпы жағдайы қанағаттанарлық. Гемодинамикасы қалыпты. Науқаста қолындағы кішкене жарақаты сол жерден алынған сынама, сол оң нәтиже беріп тұр. Ол ойылып тұрған жара, ондай үлкен жара денесінде жоқ.
Ауру малмен байланыста болған өзге 16 адамның денсаулығында өзгеріс жоқ,- дейді денсаулық сақтау басқармасындағылар. Еске салайық, «АсылАгро» мал базарында 12-қараша күні бір ірі қара арам қатқан. Ветеринарлар малды сібір жарасынан өлгенін айтты. Одан бері тағы екі сиыр арам өлді. Әзірге олардың сынама қорытындысы шыққан жоқ.