$498.51 €522.84 ₽4.81
×

СҚО-да 3 жылда АИТВ жұқтырған әйелдер 30-дан астам баланы дүниеге әкелген

AstanaTV
25.11.2024ж. 19:55
57
СҚО-да 3 жылда АИТВ жұқтырған әйелдер 30-дан астам баланы дүниеге әкелген

Солтүстік Қазақстан облысында кейінгі 3 жылда адамның иммун тапшылығы вирусының анадан балаға берілу жағдайлары тіркелген жоқ. Осы уақыт ішінде АИТВ жұқтырған әйелдер 30-дан астам баланы дүниеге әкелді, деп хабарлайды Astana TV.

ЖИТС профилактикасы және оған қарсы күрес жөніндегі СҚО орталығы баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл сайын 1 желтоқсанда бүкіл әлемде ЖИТС-ке қарсы күрес күні атап өтіледі. Осыған орай елімізде 20 қараша мен 1 желтоқсан аралығында Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес науқаны өтеді. Ондағы басты мақсат – АИТВ-ның алдын алу, халықты тестілеуден өтуге шақыру, АИТВ-ға байланысты емделудің маңыздылығын және АИТВ жұқтыру қаупі бар немесе АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қатысты кемсітушілікке жол бермеуді еске салу.

СҚО-да АИТВ-мен өмір сүретін 1 428 адам есепте тұр. 2024 жылдың 10 айында 100 жаңа жағдай анықталды, бұл 2023 жылдың ұқсас кезеңінен 16 жағдайға аз. Солтүстік Қазақстан облысы АИТВ таралуы бойынша ел рейтингінде 7-орында тұр.

Мамандардың айтуынша, АИТВ өңірде екі жолмен: 34,7% – инъекциялық психоактивті заттарды бірлесіп қолдану арқылы парентеральді жолмен және 61,2% – жыныстық жолмен беріледі.

Облыстың медициналық ұйымдарында АИТВ-инфекциясын жұқтырудың жағдайлары тіркелген жоқ.

Жүкті әйелдерге медициналық көмек көрсету, тұрақты тексерулер және антиретровирустық терапияны қабылдау – АИТВ-инфекциясын анадан балаға берілуін болдырмауға мүмкіндік берді.

2009 жылдан бастап Қазақстанда антиретровирустық терапия енгізіліп, ол медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында мемлекеттік қаражат есебінен тегін жүргізіледі.

«АИТВ жұқтырғандарға антиретровирустық терапияны қабылдаудың маңыздылығы туралы пациенттер арасында үлкен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Нәтижесінде емделуге деген ұмтылыс жыл сайын артып келеді. Минималды жанама әсері бар антиретровирустық препараттарының жаңа буынының пайда болуы да бұған әсер етіп жатыр. Бүгінде облыста АИТВ-мен есепте тұрғандардың 89%-ы антиретровирустық препарат қабылдайды. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырсақ, былтыр көрсеткіш аймақ бойынша 85,4%-ды құрады, яғни пациенттерде емделуге деген ынта бар. Біз осы бағытта жұмысты жалғастырып жатырмыз», - дейді орталық директоры Ринат Улмесеков.