Павлодар — Успен автожолын патрульдеу кезінде учаскелік полицей жол жиегінде тұрған автобусты байқаған. Белгілі болғандай, көлік құралы жолда бұзылып, шамамен үш сағат бойы тұрып қалған.
Павлодарлық учаскелік полицей Бауыржан Бидаев жолда тоңып қалған шетел азаматтарын құтқарды.
Оның айтуынша, көлік құралының салонында Тәжікстан елінің 60 азаматы болған. Оның 10-ы — бала.
— Балалар арасында сәбилер де болды. Барлығы әбден тоңып қалғаны байқалды. Жолда өтіп бара жатқан өзге көліктер болған жоқ. Сондықтан, уақытты жоғалтпай, балалар мен әйелдерді Розов ауылдық мәдениет үйіне қызметтік көлікпен тасымалдай бастадым. Ал ер адамдарға жол көрсетіп, олар жаяу жүрді. Барлығын орналастырып, азық-түлікпен қамтамасыз еттік. Кейін болған оқиға туралы полиция бөлімінің кезекші бөліміне хабарланды, — дейді Павлодар аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Бауыржан Бидаев.
Жолаушылардың бірі Абдуллохтың айтуынша, автобус Ресейдің Новосібір қаласынан Тәжікстан Республикасына жолға шыққан. Сағат түнгі 23.00 шамасында автобус бұзылады. Жүргізуші қарап шыққанымен, ақау себебін себебін таба алмаған.
«Мен жолда бізге көмектескен полиция қызметкеріне ризамын. Біздің автобус шамамен үш сағат суықта тұрды. Жолаушылар әбден жаурап, балалар жылай бастады. Өтіп бара жатқан көлік болмады. Түнгі сағат 02.00 шамасында полиция қызметкері келді. Себебін біліп, бірден шешім қабылдап, әйелдер мен балаларды тасымалдай бастады. Ол екі араға 4 немесе 5 рейс жасады. Ал ер адамдарға ауылға қалай өту керектігін көрсетті. Мәдениет үйінде жылынып отырғанымызда Бауыржан бізге азық-түлік әкелді. Біз оған бей-жай қарамағаны үшін өте ризамыз, — деп алғысын жеткізді жолаушы.