Алакөл ауданындағы Көлбай ауылында кәмелетке толмаған балаға оқ тиді. Оқушы қазір Талдықорған қаласындағы облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр.
Жетісу облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, оқыс оқиға 20 қараша күні кешкі сағат 17:00 шамасында болған.
Көлбай орта мектебінде 9-10 сынып оқитын үш оқушы құс атуға шыққан. Абайсызда атылып кеткен мылтық оғынан 2009 жылғы бала аяғынан ауыр жарақат алған.
— Жарақат алған оқушы жедел жәрдем көлігімен Қабанбай ауылындағы ауруханаға жеткізіліп, ота жасалған (диагноз: ашық жіліншіктің оқ жарақаты). Бүгінгі күнде ол Талдықорған қаласындағы облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде, жағдайы бірқалыпты. Оқушылар аудандық полицияда, мектепішілік профилактикалық есепте тіркелмеген, — деді облыстық білім басқармасынан.
Бұл іске қатысты Жетісу облыстық полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді.
— Алакөл ауданында жасөспірім жанындағы досын байқаусызда мылтықпен атып алған. Балалардың бірі атасына тиесілі қаруды сұраусыз алып кеткен. Кінәлі оқушы есепке алынып, ата-анасы жауапқа тартылды, — делінген облыстық полиция департаменті ұсынған деректе.
Сондай-ақ, полиция қызметкерлері азаматтарға қару сақтау, қолдану ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.
Бұл туралы turkystan.kz. хабарлайды.