«Пентагон» құлағалы тұр! Айтпағым АҚШ-тың қорғаныс министрлігі туралы емес. Елорданың өз «Пентагоны» бар. Ол – апатты жағдайдағы тұрғын үй. Оның не себепті мұндай атқа ие болғанын жұрт әрқалай топшылайды. Біреуі ғимарат әуел баста әскери мекеме ретінде салынған десе, енді бірі ерекше атауды оның айдалада оқшау орналасқанымен байланыстырады. Тұрғын үйді паналаған халық неден үрейленіп отыр? Мөлдір Жақан жалғастырсын.
МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:
Халық арасында "Пентагон" аталып кеткен бұл тұрғын үй Астананың түбіндегі Өндіріс шағын ауданында орналасқан. Темір жолдың маңында жападан жалғыз тұрған апатты үй өзіне назар аудартпай қоймайды. Әбден тозығы жеткен ғимараттың жағдайы жаға ұстатады. Тұрғындар баспанамыз бір күні жер астына кете ме деген қорқынышпен өмір сүруде.
Үйдің іргетасы сөгіліп, қабырғада ірі жарықшақтар пайда болған. Терезелер ашылмай қалып, шатырдан су тамшылайтын сәттер тұрғындар үшін үйреншікті жағдайға айналды.
ОЛЬГА ЛОГВИН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Мәселеден көз ашпайтынбыз. Өз күшімізді салып, қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Бірақ үйдің апатты болғанымен күресе алмайтынымыз анық. Іргетасы жердің астына кіріп, ғимарат қисайып бара жатыр. 4 жылда мәселені шешу үшін бармаған жеріміз, баспаған тауымыз жоқ.
50 жыл бұрын бой көтерген тұрғын үй 2019 жылы апатты деп танылған. Қауіпсіз жерге көшіруді сұрап шарқ ұрған қараша әлі күнге дейін жанын шүберекке түйіп өмір сүруге мәжбүр.
ЛЮБОВЬ КОСЯК, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Мен мұнда 2 жылдан бері тұрамын. Үйдің сыртында ғана емес, ішінде де жарықшақтар пайда болды. Қабырғалар опырылып жатыр, суық жел соғады. Әкімдік жаңа пәтерге көшіреміз деп уәде берген еді. Әлі көшкен адамды көрмедім.
Дәл қазір бес қабатты тұрғын үйді 120 отбасы паналап отыр. Қала әкімдігі көп ұзамай олардың қауіпсіз жерге көшірілетінін айтты.
АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
Тұрғын үйді қайта құру жобасын іске асыру шеңберінде бұзылуға жататын Астана қаласындағы апатты ғимараттардың бекітілген тізбесіне сәйкес, Астана қаласы Ақбидай көшесіндегі 14-ші үй 2024 жылы көшуге жатады. Тұрғындарды көшіру пәтерлер қаланың коммуналдық меншігіне өткеннен кейін жүзеге асырылады.
Жергілікті атқамінерлер уәдесінде тұрса, "пентагондықтар" келер жылды жаңа баспанада қарсы алады.