$523.58 €549.71 ₽5.01
×

Ит-мысыққа той жасау, шапанды малға жабу, жануарларды тойханаға кіргізу: ұлттық өнер жанашырлары үндеу жасады

AstanaTV
04.12.2024ж. 12:41
142
Ит-мысыққа той жасау, шапанды малға жабу, жануарларды тойханаға кіргізу: ұлттық өнер жанашырлары үндеу жасады

Жамбыл облысының ұлттық өнер жанашырлары елімізде той және басқа да жиындарды өткізуге байланысты халыққа үндеу жасады. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Жамбыл облысының әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Үндеуде қазіргі тойлардың негізгі сипатынан ажырай бастағаны ерекше айтылып өтті.

«Құрметті бауырлар! Қадірлі Жамбыл жұртшылығы! Той – халық қазынасы. Тәлім мен тәрбиенің өнегесі. Алыс-жақын ағайын мен көңілі жақын адамдардың бас қосып, өскелең ұрпаққа үлгі көрсететін ортасы. Той мәдениеті – ұлт мәдениеті десек, өзгелерден ерекшеленіп тұратын қазақ тойы ұлттық сипатынан ажырап қалған жоқ па? Құндылықтар құрдымға кетіп, келеке мазаққа айналған жоқпыз ба? Жалпы, қазіргі тойлар қалай тойланып жүр? Осы сұрақтар бәрімізді мазалайтыны белгілі. Осыған байланысты той өткізу мәдениетін қалыптастыру мақсатында Жамбыл облысының әкімдігі, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, асабалар одағы бірлесіп, үндеу жолдап отырмыз», – делінген мәтінде.

Ұлттық өнер жанашырлары тойды жас ерекшеліктеріне қараё өткізу жағдайына да тоқталып шықты.

«Құрметті бауырлар! Қазіргі уақытта тойдың түрі көбейді. Демек, олардың өткізілу жобасының өзіндік ерекшелігі болуы тиіс. Сондықтан тойды жасамас бұрын, оның маңызы мен мағынасына мән беріп, шақырылатын қонақтардың жас ерекшеліктеріне қарай оны дұрыс топтастыру және той өткізу уақытын реттеу, бос даңғазалық пен ысырапшылыққа жол бермеу қажет. Тойды дұрыс ұйымдастыру мен өткізуге аса жауапкершілікпен қарап, әулеттің үлкендері немесе тәжірбиелі әрі жанашыр жақындарымен ақылдасуды қолға алған абзал. Өйткені, тойдың мағыналы өтуі – той иесінің абыройы, әулеттің беделі, ұлт мәдениетінің көрсеткіші. Тойдың мәнді өтуінің тағы бір негізгі шарты асаба мен өнерпаздарды дұрыс таңдау және жиынды өткізу жоспары мен сценарийі бірлесіп жасау болып саналады. Той барысында ұлттың абыройы мен қадірін түсіретін көріністерге, той қонақтарының беделіне нұқсан келтіретін орынсыз әзілдер мен тақырыптан тыс ән-билерге жол бермеу керек. Өткізілетін той-жиындар отбасылық қуаныштар, әулетпен бірге атқаратын салт-дәстүрлер, кең көлемде аталып өтетін салтанатты кештер болып топтастырылуына аса көңіл бөлу маңызды», – дейді үндеуде.

Сол сияқты тойдағы ерсі көріністер де қазақтың тойын мазаққа айналдырып жатқаны қозғалып өтті.

«Құрметті ағайын! Соңғы кездері ел арасында болып жатқан келеңсіз жағдайлар, атап айтқанда жан-жануарларды дастархан жайылған тойханаға кіргізу, қазақтың ұлттық құндылықтарын келеке етіп, ересек адамды бесікке салу мен таққа отырғызу, қазақы шапанды малға жабу, ит-мысыққа той жасау – той мәдениетінің төмендеуіне жеткізіп отыр. Осы мәселелер оң шешімін табу үшін өңірімізде құрылып жатқан асабалар одағы той мәдениетін қалыптастырудың ұйытқысы болады деп есептейміз! Ендеше, халқымыздың қадір-қасиетін, ұлтымыздың ұлылығы мен бабалар өсиетін сақтап, тойды тәрбие ордасына айналдырайық!» – дейді ұлттық өнер жанашырлары.