Депутаттар
зейнетақы қорындағы жиған-тергендеріне алаңдай бастады. Бүгін мәжілістегі жалпы
отырыста бір емес, екі фракция қатарынан Үкімет пен Ұлттық банк басшылығына
сауал жолдады. Оларды зейнетақы қорындағы қаражаттың тиімсіз инвестициялануы
алаңдатады. Депутаттардың дүрлігуіне әзірбайжандық банкрот болған Халықаралық
банкке салынған 71,6 млрд теңге түрткі болып отыр. Мөлдір Бақыт-қызы тарқатады.
"Ақ
жол" партиясының жетекшісі Перуашевтің айтуынша, 2014 жылы әзербайжандық
банктің жағдайы мәз емес-тін. Халықаралық рейтингте қалт-құлт етіп тұрған
қаржы институтына зейнетақы қорынан 71,6 млрд теңге қалай аударылғаны
түсініксіз дейді. Тап сол жылы "Халық банкі" Әзірбайжандағы құнды
қағаздарын сатып жібергенін айтып қалды. Депутат: "Бүгінде бірыңғай қор қаражатты
тиімсіз инвестициялайды. Ақшаны көбейту түгілі, сақтап қалудың өзі мұң болып тұр", - дейді. Сондықтан оны қайта жекешелендіруді көтерді.
Азат
Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Ақ жол" фракциясының
жетекшісі:
Меніңше, біз қайтадан бәскелестік жүйеге қайтып келуіміз керек. Көп емес, 3-4. Бірақ жекеменшік қорлар болуы керек. Зейнеткерлеріміздің өз еркімен таңдауына мүмкіндік беруіміз керек. Олай болса, әр қор салымшыларды тарту үшін жұмысын дұрыстайды.
Коммунистер де қалысқан жоқ. Кәрі-жасы түгел зейнетақысына алаңдап жатыр. Тұрғын Сыздықов пен Айқын Қоңыров Үкімет басшысына сауал жолдады. "Елде онсыз да ақша жоқ. Банктер ұзақмерзімді қаржыға зәру. Ал зейнетақы қоры ақшаны шетелге шығарады", - дейді.
Айқын Қоңыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Халықтық коммунистер" фракциясының мүшесі:
Әзірбайжандық банктегі құнды қағаздардың құнсыздануына кім жауап береді? Ол қаражат сақтандырылған ба? Кімнің шешімімен зейнетақы қорындағы қаражат ол жаққа аударылды?
Ал сарапшылар әзірбайжандық халықаралық банкке салынған қаражаттың қайтатына күмәнмен қарайды. Экономикасы таза мұнайға тәуелді елде қазір жағдай қиын. Ұлттық валюталары да құбылып тұр.
Айдар Әлібаев, экономист:
Манат тұрақсыз. Әзірбайжандағы көптеген банктер карталардан қолма-қол ақша алуды шектеп жатыр. Осының өзі елдегі қаржы жүйесіндегі қиын ахуалды білдіреді. Олар бүгінде қарызды қайтаратындай жағдайда емес. Оның ішінде мұншалық көп қаржыны.
Неше
күннен бері қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселеге қатысты Бірыңғай жинақтаушы
зейнетақы қоры да, Ұлттық банк те әлі жауап бермеді. Қаражат қандай мақсатта
салынғаны да түсініксіз. Сарапшылар, қор соңғы үш жылдағы портфелін жария етіп,
қанша соманың, қайда салынғанын көрсетуі тиіс, дейді.
Еске салайық, ортақ
зейнетақы қоры осыдан 3 жыл бұрын құрылған. Ол кезде, керісінше, жекеменшік
компаниялардағы есеп-шоттардың басын қосып, бір жерге шоғырландырған едік.
Мөлдір
БАҚЫТ-ҚЫЗЫ