$510.49 €527.29 ₽5.27
×

Қасым-Жомарт Тоқаев шалғайда тұратын оқушыларға автобус сыйлады

10.12.2024ж. 20:00
300
Қасым-Жомарт Тоқаев шалғайда тұратын оқушыларға автобус сыйлады

Мемлекет басшысы шалғайда тұратын балаларға автобус сыйлады. Бұл оқушылардың білім алуына қолайлы жағдай жасайды. Ақтөбеге барған Президент, сондай-ақ, тау-кен техникалық колледжінің студенттерімен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланғанын айтып, отандық өнеркәсіпті қолдауға баса назар аударуды тапсырды.

Ақтөбеге барған Мемлекет басшысы алдымен Хромтаудағы «Болашақ» шахтасының жұмысымен танысты. Кәсіпорынның қуаты жылына 7,5 миллион тонна хром рудасын өндіруге жетеді. Қазір мұнда тартылған инвестиция көлемі 1 триллион теңгеден асқан. Енді 1800 жұмыс орны құрылмақ. Компания басшылары «Болашақ» шахтасын іске қосу еліміздің тау-кен өнеркәсібіндегі тарихи оқиға болады, дейді.

Президент Хромтау жоғары тау-кен техникалық колледжіне де бас сұқты. Бұл білім ошағы еліміздің батыс өңіріндегі тау-кен саласына маман даярлайтын жалғыз кәсіптік оқу орны. 1979 жылы негізі қаланған колледжде 1157 студент кенші, ұңғылаушы, кен байытушы, слесарь, тау-кен электр механигі, электр монтері және басқа да мамандықтар бойынша білім алып жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев колледж жұмысымен танысқаннан соң студенттермен және түлектермен кездесті.

Мен шахтерлар династиясынан шыққанмын. Ата-анамның жолын қуып, осы жоғары колледжге оқуға түстім. 2025 жылы Жұмысшы мамандықтар жылы екенін біліп, біздің мақтан тұтар жыл деп сенемін. Қазіргі жастар жеңіл жолмен ақша тапқысы келеді. Блогерлік іспен айналысады. Бірақ біз адал еңбекті таңдаймыз. Әрбір азаматтың адал еңбек етуіне атсалысамыз. Жастарға берген қолдау және техникалық мамандықтарды дамытуға арналған бағдарламалар үшін алғыс айтамыз. Рақмет!

Мектепке де соғуды ұмытпады. №1 Хромтау орта мектебі «Ақтөбе облысының шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін цифрлық технологияларды қолдана отырып дамыту» пилоттық жобасына енгізілген. Жоба аясында мұғалімдер қашықтан тәжірибе алмасады.

КӨРКЕМАЙ СЕРІК, ОҚУШЫ:

Менің зерттеу жұмысымның тақырыбы – ақылды шахтердің каскасы. Біздің Хромтауда бір емес, бірнеше шахта бар. Шахтаның жұмысы ең қауіпті жұмыс десек те болады. Себебі ол жақта түрлі апаттар болуы мүмкін. Сол шахталардың бірінде менің де әкем жұмыс істейді. Мен әкемнің қауіпсіздігі үшін осы касканы ойлап таптым.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы ауыл мектептеріндегі оқушылардың ашық сабағына онлайн-режимде қатысты. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев шалғай елді-мекендерде тұратын балалардың білім алуына қолайлы жағдай жасау үшін мектепке автобус сыйға тартты.

Қасым-Жомарт Тоқаев жедел басқару орталығына барды. Нысан өңірдегі 15 мыңға жуық бейнекамера арқылы жергілікті жердегі ахуалды нақты уақыт режимінде тәулік бойы бақылауға мүмкіндік береді. Орталықтың жедел залында 32 инспектор мен «102» шұғыл желісінің 3 операторы жұмыс істейді. Қазір өңірде 5 басқару орталығы жұмыс істеп тұр. Осы орталықтар арқылы аймақта 1,8 мың қылмыстық құқық бұзушылық ашылып, 187 мың жол жүру ережесін бұзу фактісі анықталған.