Сирияны 24 жыл басқарған Башар Асад билігі құлатылған соң Түркиядағы сириялық босқындар елдеріне жаппай қайта бастады. Осыған байланысты екі ел арасындағы шекара бекеттерінде адамдар мен көліктердің ұзын-сонар кезегі пайда болды. Халықтың кедергісіз өтуі үшін Түркияның шығысында 10 жылдан аса жабық тұрған бірнеше бақылау бекеті қайта ашылды. Бұдан бөлек қосымша жылжымалы бекеттер де қойылды.
Түркия Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша шекарадан өтуге ниет білдіргендер саны соңғы күндері 5 есеге дейін өскен. Ресми деректерге сай азаматтық соғыстан қашып Түркияны паналаған сириялық босқындар саны 3 миллион адамнан асады.
Мұстафа Масатлы, Хатай губернаторы:
Сириялық қонақтарымызды елдеріне құрметпен шығарып салу үшін біздің өңірде үш шекара бекеті жұмыс істеп тұр. Олардың біреуі 11 жыл бұрын жабылып қалған еді, бүгін жаңадан ашылды. Әр бекеттен күн сайын шамамен 15 мың адам өтіп жатыр. Олардың арғы бетке қиындықсыз өтуі үшін барлық жағдай жасалған.
Бұл туралы Қазақстан Телеарнасы хабарлайды.