Оралда мектеп оқушысын сыныптастары соққыға жығып, телефонын сындырды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Halyqstan-ға сілтеме жасап.
Бұл жағдайды оқушы қыздың анасы айтты. 5-сынып оқушысының анасы сыныптастары қызын артық салмағы мен көзілдірік таққаны үшін шеттететінін мәлімдеді.
Ал қыздың соққыға жығылғанына бір ай болған, бірақ әлі күнге дейін ешкім жазаланбаған.
“Оны сыныптастары ұрып-соққан екен. Үшеуі ұрған, тағы екеуі телефонды алып, доп сияқты бір-біріне лақтырып ойнаған. Қызымның миы шайқалған. Басының, қолының және жамбасының жұмсақ тіндері көгерген”, - дейді оқушы қыздың анасы.
Кейін әйел полицияға арыз жазған. Бірақ мектеп меңгерушісінің өтінішімен арызын қайта алған. Бірақ жиналыста бірде-бір ата-ана баласы үшін кешірім сұрамаған.
Оқушы қыздың анасы соққыдан кейін қызының көру қабілеті күрт нашарлағанын айтты. Қызының жағдайына алаңдаған ана қайта арыз жазған.
"Мұның бәрі мектеп қабырғасында болды. Бірақ мектеп те, ата-ана да жазаланбады", - деді әйел.
Мектеп басшылығы оқушылардың қарым-қатынасы түзелгенін алға тартты.