$514.93 €536.04 ₽5.18
×

«Астана жастары» еріктілер ұйымы қарт жандарға көмектесті

13.12.2024ж. 20:00
189
«Астана жастары» еріктілер ұйымы қарт жандарға көмектесті

Астаналық жастар алдыңғы қатарда. Бұл жолы еріктілер қарттарға көмектесуге елеулі үлес қосты. Тәуелсіздік күні қарсаңында жүріп-тұруы қиын жандар үшін «Қамқорлық мекен-жайлары» акциясын өткізді. Үйдегі шаруаны өз мойнына алып, қажет азық-түлікті алып келіп, өсиетін де тыңдады. Қамқор жандардың қайырлы ісі туралы әріптесім Еркелді Тілеуқұл баяндайды.

87 жастағы Раида Мифтахова – жалғызбасты қария. Барған сайын үй тірлігімен айналысуға қауқары қалмай барады. Оның үстіне, бір көзі көрмегендіктен, үй ішінде-ақ жүріс-тұрысы қиындаған. Жолдасы өмірден озғандықтан, жалғыз қызы қалды. Оның өзі Германияда тұрмыста. "Еріктілер болмаса, осы жасқа келер ма едім. Жас кезімде үйім қандай әдемі, жинақы болса, қазір де сондай. Бұл осы белсенді жастардың арқасында", - дейді зейнеткер.

РАИДА МИФТАХОВА, ЗЕЙНЕТКЕР:

Осы еріктілерге рахмет. Үнемі келіп тұрады. Келгенде де, құр қол келмей, өнімдерін алып келеді. Қазір қыста апта сайын қар күреп кетеді. Әйтпесе үйден шығып, емханаға да бара алмай қалар едім. Жазда аулада шөп жұлып кетеді. Мен қазір қартайдым. Қанша жылдан бері келе жатқанын ұмытып та қалдым. Бірнеше жыл болды осы жастардың көмектесіп келе жатқанына.

Еріктілер бір қорап азық-түлік алып келіп, үй жұмыстарына кірісе кетті. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған жастар дем де бар шаруаны тындырды. Артынша, кейуананың кең дастарханында отырып, әңгіме-дүкен құрды.

КАМИЛЛА МҰҚАТАЕВА, «АСТАНА ЖАСТАРЫ» ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Бірінші кезекте, тез бұзылмайтын және мүлдем бұзылмайтын азық-түлік өнімдерін осы жалғызбасты, көмекке мұқтаж зейнеткерлерге жеткіземіз. Қыста олардың үйден шығуы қиындап кетеді. Сол кезде ұлдар келіп, қар күрейді. Қыздар үй ішін жинастырады. Бірақ, ұл-қыз деп әдейі міндет бөлуден аулақпыз. Қолымыздан келгенше көмекті аямаймыз.

Ағайынды Қайрат пен Қайсардың қатарға қосылғанына 1 апта ғана болды. Сонда да, егіз Құлқожахметтер ерікті ісіне етене кірісіп жатыр. Қарияның көмірін жеткізіп, отынын жарып берді.

ҚАЙРАТ ҚҰЛҚОЖАХМЕТ, ЕРІКТІ:

Волонтерлік – жай ғана іс емес. Ол жүректен шыққан жұмыс. Біз бір-бірімізге көмектесіп, игі іс жасасақ, қоғамда да мейірімділік арта түседі. Жай ғана іспен көмек көрсету ғана емес, жүректен-жүрекке жету.

ҚАЙСАР ҚҰЛҚОЖАХМЕТ, ЕРІКТІ:

Бүгінгі шарада өзім сезіндім. Үлкен кісінің жалғыз қалғаны жүрекке қатты батады екен. Сосын үлкен кісілерге жиі көмектесу керек, жалғыз қалдырмау керек деген ой түйдім. Астана жастары секілді еріктілер ұйымына адамдар көптеп келсе екен деймін.

2 жыл бойы Астана жастары волонтерлерінің қатарында жүрген Жәмиля Рүстемованың айтуынша, көмекке мұқтаж қарт жандарға көмектескеннің өзіндік ерекшелігі бар. Себебі, алғысын алып қана қоймай, әңгімелесіп, өсиет тыңдап, рухани байып қайтамыз, - дейді.

ЖӘМИЛЯ РҮСТЕМОВА, ЕРІКТІ:

Раида апамыздың үйіне бірінші рет келіп тұрмын. Бірақ, өте жүрегі жылы адам екені көрініп тұр. Онымен сөйлесіп, өмір жолын біліп, Жай ғана сөйлесіп, әңгіме айтқанымның өзіне ризамын.

Еріктілер кетер алдында көмек керек тағы да келетіндерін айтты. Қолымыз қалт етіп босаса, жетіп келеміз деп уәде берді.