$522.49 €547.88 ₽5.06
×

Ақтөбеде жаңа жылдан бастап сумен және жылумен жабдықтау тарифі өзгереді

AstanaTV
14.12.2024ж. 06:34
127
Ақтөбеде жаңа жылдан бастап сумен және жылумен жабдықтау тарифі өзгереді

Ақтөбеде тұрғындар үшін сумен қамту тарифі 24,70 теңгеге, ал жылымен қамту 37 теңгеге көтеріледі, деп хабарлайды KAZINFORM.

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Aqtobe su-energy group» АҚ-ы сумен және жылумен жабдықтау тарифін көтереді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті хабарлады. 

— Сумен қамту тарифі жеке тұлғалар үшін 1 текше метріне 129,89 теңгеден 154,57 теңгеге, яғни, 24,70 теңгеге көтеріледі. Ал заңды тұлғалар мен бюджеттік мекемелерге жыл басынан бастап тариф төмендейді. Заңды тұлғаларға 35 теңгеге, яғни 464,50 теңгеден 429,95 теңге түседі. Ал бюджеттік мекемелерге 68 теңгеге, яғни қосымша құн салығын қосқанда әр текше метріне 914,84 теңгеден 846,80 теңгеге арзандайды, — деді Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Дүйсен.

Тариф жыл сайынғы жоспарға сай көтерілген. Сонымен бірге тоғыспалы субсидиялау тоқтатылды. Енді алдағы уақытта барлық тұтынушылар үшін тариф теңестіріледі. Ал 2029 жылға қарай барлығына орташа тариф енгізіледі.

— Жылумен қамту тарифі барлық санат үшін 18% көтеріледі. Мәселен орталық жылумен қамту жеке тұлғалар үшін әр шаршы метріне қосымша құн салығын қосқанда 37 теңгеге қымбаттайды. Яғни, 198,48 теңге еді, енді 235,06 теңге болады. Тарифтің көтерілуіне бірнеше себеп әсер етті. «Aqtobe su-energy group» АҚ-ы 2024 жылы жұмысшыларының еңбекақысын өсірді. Екіншіден, 2024 жылдың 1 маусымынан бастап тауарлы газ бағасы 35% жоғарылады, — деді Ерлан Дүйсен. 

Бұл ретте Ақтөбеде газбен және электр тоғы тарифі өзгермейді.