Спорт Қазақстан
$439.4 €473.54 ₽4.76
×

Қарағандылық кәсіпкерлер лифтілерге техникалық бақылау жасайтын мемлекеттік компания құруды ұсынды

AstanaTV
19.05.2017ж. 20:00
2913
Қарағандылық кәсіпкерлер лифтілерге техникалық бақылау жасайтын мемлекеттік компания құруды ұсынды

Лифтілерге техникалық бақылау жасайтын мемлекеттік компания құру қажет. Қарағандыдағы жеделсатыларға қызмет көрсететін мекемедегілер осындай ұсыныс жасап отыр. Өйткені бақылау нашар, әрі лифт орнатып, оны жөндеумен айналысатын бір күндік фирмалар көбейген. Айжан Қуаш тарқатады.

Айжан Қуаш, тілші:

Лифт мәселесі Астанадағы көпқабатты үйлерде болған апаттардан кейін көтеріле бастады. Қарағандыдағы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мен энергетика басқармасы жаппай тексеруге кірісті. Алда мамандар 1331 жеделсатының кабиналары мен арқандарын, электронды қондырғыларын қарап шықпақ.

Қаладағы көпқабатты үйлерде 4 жүзге жуық жеделсаты тоқтап тұр. 9 жүзден астамы қолданыста. Олардың көбі ескіргенмен, әлі күнге дейін қалт-құлт етіп жұмыс істеп тұр. Ал, тұрғындар өз үйлеріндегі қондырғыларды ауыстыруға келісе бермейді.

Татьяна Башкирцева, Қарағанды қаласының тұрғыны:

Басында бәрі қарсы болды. Көбі әрең келісті. Дегенмен, өз меншігіміз болған соң, өзіміз қараймыз ғой. Ақыры ауыстырдық.

Жеделсатылардың сапасын халық біле бермейді. Сондықтан олар арзан бағаға қызмет көрсететін бір күндік фирмалардың ұсынысынан бас тарта алмайды,-деді мамандар. Ал, олардан шала алған жұмысты басқа компания аяқтайды. Соңғы жылдары мұндай жауапсыз кәсіпорындар көбейген.

Салават Кинзибаев, «Қарағанды лифт» ЖШС директоры:

Бұл фирмаларды ешкім тексермейді. Олардың кәсіби оқыған мамандары бар ма, өндірістік қауіпсіздік бойынша аттестациядан өткен бе, ол жағы белгісіз. Жыл сайын паспортта техникалық тексеруден өткендері туралы жазба болуы тиіс. Ал, қазіргі жағдайда біз ондай фирмалардың паспортынан ешбір жазба көрмейміз.

«Қарағанды лифтілері» фирмасы 3 жүзге тарта жеделсатыға қызмет көрсетеді. Қондырғылардың 70 пайызы тозған. Мамандар тез арада осы саладағы компанияларға техникалық қадағалау жасайтын мемлекеттік мекеме құрылмаса, апатты жеделсатылар күн санап көбеюі мүмкін деп қауіптенеді.

Олег Якубовский, Қарағанды лифтілері» ЖШС директоры:

Қазір лифт шаруашылығында нарық бейберекет. Оны лифт орнату мен жөндеумен айналысатын барлық фирмалардың жұмысына техникалық қадағалау жасайтын мемлекеттік мекеме ғана реттей алады. Үстімізден кез келген сәтте тексеріс келіп, лифтілерді көреміз деп желкелейтін болса, бәріміз өз кәсібіміз үшін жүгірер едік. Сонда ғана тәртіп, жауапкершілік болады. Ал оған дейін біз апаттардан құтыла алмаймыз.

Қазіргі таңда лифт шаруашылығын қадағалап отырған аймақтардағы энергетика басқармасының құзыры шектеулі.

Ұлантай Үсенов, Қарағанды облыстық энергетика басқармасы бастығының орынбасары:

Бүгінгі таңда біз лифтілік шаруашылықтарды қандай жағдайда екенін қарап, құжаттарын жинап, сонымен ғана шектеле аламыз. Лифтінің иелеріне, олардың жұмысын қадағалайтын кәсіпорындарға әкімшілік айыппұл салып, ескертпелер жасай алмаймыз. Өйткені ол бізде заң бойынша қаралмаған.

Айжан Қуаш, тілші:

«Қазіргі таңда лифт шаруашылығына мемлекеттік қадағалауды күшейту мәселесі парламентте талқыланып жатыр. Мұнымен қоса, компаниялар Үкіметке мемлекеттік техникалық қадағалау мекемесін құруды сұрап хат жолдамақ.