Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Батысқазақстандық шаруалар мал қораларын рәсімдей алмай отыр

AstanaTV
19.05.2017ж. 20:00
3816
Батысқазақстандық шаруалар мал қораларын рәсімдей алмай отыр

Батысқазақстандық шаруалар мал қораларының құжаттарын рәсімдей алмай отыр. Өйткені қораның техникалық құжаттарын жасату қызметі тым қымбат. Ауылдықтар, бір ғана қораны рәсімдеу үшін, кем дегенде миллион теңге шығындануға тура келеді, дейді. Сондықтан өңірдегі мал қоралардың көбісі әлі күнге заң жүзінде рәсімделмепті. Санда бар, санатта жоқ қора туралы келесі бейнематериалда.

Еркін Карин, тілші:

Шаруа қожалықтарының иелері жылжымайтын мүлікке бекітілген баға тым жоғары дейді. Мәселен, 1 шаршы метр жер 45 теңгеге бағаланыпты. Ал мал қораның аумағы мыңдаған шаршы метрді құраса, әрі мұндай мал қора бір емес, бірнеше болса, онда оның техникалық құжатының құны миллионға жетеді.

Мал шаруашылығымен 20 жылдан бері айналысатын Қатаулла Ашығалиевтың қорасында екі мыңдай ірі қара, жеті жүздей жылқысы мен бірнеше отар қойы бар. Иелігінде 50 мың гектар жерінің 17 мың шаршы метрін мал қорасы алып жатыр. Бірақ бұл қоралар әлі күнге санда бар, санатта жоқ. Өйткені рәсімдеу бағасы тым қымбат болғасын, тіркей алмай отыр.

Қатаулла Ашығалиев, кәсіпкер:

Құрылысы бітпеген қылып қоямыз, төрт қақпа болса, екеуін саламыз да, екеуін салмаймыз. Біткен жоқ. Пока мына расценканы дұрыстамай. Былай қарағанда, ана жерде бүлдірушілер отыр. Өзінің білімі жоқ. Басы істемейді. Мемлекет салық ала алмайды. Біздер сол қораны залогқа қойып, кредит ала алмаймыз. Неге десеңіз, соның документациясы жоқ.

Өңірдегі өзге де шаруалар үшін осы тәсіл тиімді болып отыр. Қатауолла Ашығалиев олардың түгелге жуығы өз қорасын осылай тіркетпегенін айтады. Кезінде өздері бұл мәселені үкімет басшысына жеткізіпті. Бағаны он есеге дейін арзандату туралы уәде берілгенімен, бәрі сөз күйінде қалған. Ал облыстық «жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» департаментінің өкілдері бұл бағамның заңмен бекітілгенін айтады.

Ольга Шаповалова, «Азаматтарға арналған үкімет» МК» АҚ БҚОФ «Жер кадастры ҒӨ орталығы» департаментінің бөлім басшысы:

Мәселен, жердің аумағы 7 гектар болса, тек қора салынған жер ғана есептеледі. Яғни ауданы 5 мың шаршы метр қораның техникалық құжатын дайындау 268 мың 851 теңгеге шығады. Әрине, бұл аз ақша емес. Бірақ бәрі заңмен бекітілген. Ғимарат салынған жер ғана есептелетінін ескерткіміз келеді.

Дегенмен, облыстағы жүздеген шаруа қожалығының қаншасы өз қорасын тіркеткені туралы ақпарат жоқ. Мекеме өкілдері мұндай іспен айналыспайтынын айтады. Құжаты жоқ қораның зияны шаш-етектен. Санда бар, санатта жоқ қора үшін мемлекетке салық төленбейді. Ал кәсіпкерлер құжаты жоқ қорасын кепілге қойып, несие ала алмайды.

Еркін Карин, тілші:

Сондықтан шаруалар датын президентке айтқан ниетте. Мал тұратын қораның дауын мемлекеттік деңгейге көтергеніміз ұят. Бірақ, ұят та болса, жалғыз шешімі осы, - дейді олар.