Негізгі / Жаңалықтар / «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Жамбыл облысына барды

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Жамбыл облысына барды

Бүгін «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Жамбыл облысына барды. Арнайы жұмыс тобы еліміздегі ең ірі жел электр стансасының бүгінгі тынысымен танысты. Баламалы энергияны алудағы жамбылдықтардың бұл жаңа жетістігі меймандарды таңдай қақтырды. Сондай-ақ, сапар барысында Меркі ауданының ірімшік зауыты өз өнімдерін көрсетіп, жергілікті шаруалармен жылы жүздесу өтті. Партиялықтар  «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Таразда салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарына да өз бағасын берді.

Жасыл энергия көзін өндіруде жамбылдықтар жаңа жетістікке жетіп отыр. Оған дәлел, Қордай ауданын қуат көзімен қамтып отырған еліміздегі ең ірі жел электр стансасы. Кешен жылына 50 миллион кВат/сағатқа дейін электр қуатын өндіреді. Бұл 150 мың халқы бар аудан тұрғындарын ток көзімен толық қамтуға жеткілікті. Жобаның жалпы құны 12 млрд теңге. Индустрияландыру картасы мен «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаржыландырылған.

Марат Тоқбаев, жел электр стансасының өндіріс жөніндегі директоры:

Жобаның жүзеге асырылуы өңірдегі электр қуаты тапшылығын төмендетуге мүмкіндік берді. Қосымша жұмыс орындары ашылды. Жергілікті бюджет түсімі артты. Қазір жалпы еліміз бойынша баламалы энергия көздерінен өндірілетін электр қуаты 3 пайызды құрайды. 2020 жылға қарай бұл көрсеткішті 20 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз.

Аймақ агрокешен мен ауыл шаруашылығын дамытуда алдыңғы қатарда келеді. Айталық, былтыр жамбылдық шаруалар жалпы құны 200 млрд теңгеден астам қаржыны құрайтын ауыл шаруашылық өнімдерін өндірді. Бұл санды еселеуге, мәселен, «Меркі ірімшік зауыты» мол үлес қосып отыр. Екшеп өтер ерекшелігі - кәсіпорын құрамына 40 шаруа қожалықтың басын біріктіріп, берекелі жұмыс жүргізуде. Партия төрағасының бірінші орынбасары кәсіпорын жұмысын жоғары бағалады.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партия төрағасының бірінші орынбасары:

Елбасының тапсырмасы бойынша Қазақстанның барлық өңірлерінде ауыл шаруашылығын дамыту үшін миллиардтаған қаржы бөлініп жатыр. Бұл қаражаттарды тек кооперацияға біріккен кезде ғана тиімді пайдаланады. Ірімшік зауыты 40-қа жуық кооператорлардың басын біріктіріп үлкен кооперация құрып, соның негізінде өнім өндіреді де, оның сапасын жақсартуды да, нарыққа шығаруды да биік дәрежеге көтеріп отыр екен.

Ал, облыс орталығында үй салу жұмыстары үдей түскен. Құрылысқа құйылған қаржы көлемі 32 пайызға артып отыр. Осылайша «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасының басталуы салаға серпін бергені сөзсіз. Мұхтар Құл-Мұхаммед «Арай» алқабында жүріп жатқан қызу құрылыстың басында да болды. Мұнда 19 көп пәтерлі тұрғын үй тұрғызылмақ. Сапар соңына таман облыстық актив өтті. Онда партия төрағасының бірінші орынбасары президент  ұсынған жарқын жобаларды жергілікті халыққа жіті түсіндіруді тапсырды. Сонымен қатар, бас партия белсенділері студент жастар мен оқытушы-профессорлар құрамымен кездесті. Онда Президенттің ұлттық рухани жаңғыру жөніндегі бағдарламалық мақаласы талқыланды.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ