Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Өскемендегі этностар музейінде грузиндердің үй-жайы пайда болды

AstanaTV
23.05.2017ж. 20:00
4216
Өскемендегі этностар музейінде грузиндердің үй-жайы пайда болды

Өскеменде ашық аспан астындағы музейде грузиндердің үй-жайы бой көтерді. ТМД елдерінде теңдесі жоқ этноауылда барлығы 18 баспана бар. Бұл жер елімізде тұратын  ұлт пен ұлыстардың салт-дәстүрі салтанат құрған  жерұйыққа  айналып отыр. Қазақстан қоғамын рухани жаңғыруға жетелейтін мекенде әр халықтың мәдениеті мен төл тарихы сыр шертеді.

Бұл ауыл бұрынғылардан өзгеше. Этномекеннің тұрғыны жоқ. Бірақ әрбір халықтың тарихы, салт-дәстүрі мен мәдениеті салтанат құрған. Татулық пен ынтымақтың мекеніне айналған ауылда қазақ пен орыс, кәріс, неміс, шешен, татар мен ұйғырдың, елімізде тұратын өзге де ұлт өкілдерінің ежелгі баспанасын кездестіруге болады.

Мариф Фараджев, Әзірбайжан этно-мәдени бірлестігінің төрағасы: 

Елімізде тұратын әр ұлыстың өз орыны бар. Бәріміз елдіктің қалыптасуына үлес қостық деп ойлаймын. Басқа мемлекеттерде ұлтаралық татулықты дәріптеу мемлекеттік деңгейде жүргізіліп жатқан жоқ. Көп ұлтты қоғамды толеранттыққа жетелейтін Қазақстан халқы ассамблеясы жүйелі жұмыс істеп жатыр. Бұл бізді қуантады

Этноауылдағы көне жиһаз, киім-кешек, ыдыс-аяқ секілді құнды жәдігерлер музей қорынан алынса, кейбір  бұйымдарды тұрғындар әкеліп тапсырған. Арасында ұлттық-мәдени орталықтың да заттары бар.

Ирина Харламова:

Әр үйдің  ұлттық нақышы бар. Балаларымыз бабалар ғұрпын кітап арқылы емес, осында келіп, өз көзімен көріп біліп жүр. Оларға өте қызықты.

Ерболат Садуақасов ата-бабасы дәл осындай  үйде  өмір сүрген деп  ойлайды.Бұл киіз үй тектес баспана қыстау болған көрінеді. Ал ауыл ортасындағы ақорда өскелең ұрпақтың басқосатын жері. Мұнда балаларға  ұлтаралық татулықты сақтау тақырыбында сан-алуан  сабақтар өткізіледі.

Ерболат Сәдуақасов, облыстық ақсақалдар кеңесінің  өкілі

Біз мұнда келген  балғындарға отбасы ынтымағын сақтауға үйретеміз. Яғни бір шаңырақтың астында өмір сүрген көп ұлтты елдің береке-бірлігін, ұлтаралық достығын нығайтуға үндейміз.

Бұл  жерге келушілер өте көп. Өскемендіктер қонаққа келген туған-туысын, жора -жолдасын көбіне осында әкеледі. Түрлі концерттер мен мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Ашық аспан астындағы музей аймақ тұрғындарының жерұйығына айналып отыр.

Заңғар САНАЙ