Зейнетақы қорындағы қаражатты салымшы өз еркіне қарай жеке компаниялардың активтеріне салуы мүмкін. Тиісті заңға өзгерістер енгізілмек. Ұлттық банк төрағасы осылай деп мәлімдеді. Ұсыныс қазір Үкіметте талқыланып жатыр. Бас банкир Әзірбайжан халықаралық банкіне салынған 71 млрд теңгенің тағдыры туралы да ұстанымын білдірді.
Ришат Асқарбекұлы, тілші:
Екі
апталық үнсіздіктен соң Данияр Ақышев банктің бас кеңсесіне журналистерді
жинады. Еліміздің қаржы-экономикалық өміріндегі ең маңызды деген сұрақтарға
жауап беруге тырысты. Әзірбайжан халықаралық банкіне инвестиция ретінде
салынған зейнетақы салымшыларының қаражаты туралы мәселе, әрине, басты
назарда.
Ұлттық
банк төрағасының айтуынша, 2014 жылы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы 250
млн АҚШ долларына Әзірбайжан банкінің құнды қағаздары сатып алынған. Келісімшарт 10 жылға жасалып, қаржылық операциялар оффшорлық компания арқылы
жүргізілген.
Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банк төрағасы:
Халықаралық банкке құйылған инвестицияның жылдық мөлшерлемесі 8,25 пайыз деп көрсетілген. Ұлттық банк жалғыз инвестор ретінде эмиссияның 100 пайызына иелік еткен. Айта кету керек, бұл шешімді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қабылдамаған. Оған сол кезде Ұлттық Банкті басқарған адамдар қол қойған.
Данияр Ақышев Әзірбайжан халықаралық банкімен және елдің қаржы министрлігімен келіссөздер жүргізіп келгенін айтады. Аталған шетелдік қаржы инситутының жағдайы 2015 жылы-ақ нашарлай бастаған. Ұлттық банктің басшылығы сол тұста Әзірбайжан үкіметіне хат жазып, қарызды қайтаруды талап етеді. Ал 2017 жылы ақпанда, Moody's агенттігі банктің рейтингін мүлдем төмендеткен соң, келіссөздер қайта жанданған.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық салымдарын қайтарудың үш түрлі нұсқасы ұсынылды: *250 млн АҚШ долларына айырбас ретінде ӘХБ Әзірбайжан мемлекеттік құнды қағаздар есебінен 12 жыл ішінде қарызды өтейді. Оның сыйақы мөлшерлемесі 5,125 пайыз. *250 млн АҚШ долларына айырбас ретінде ӘХБ Әзірбайжан мемлекеттік құнды қағаздар есебінен 15 жыл ішінде қарызды өтейді. Оның сыйақы мөлшерлемесі 3 пайыз. *250 млн АҚШ долларын Әзірбайжан Халықаралық банкінің жаңа облигациялары есебінен 7 жыл ішінде 3,5 пайыз сыйақы мөлшерімен қайтару.
Ұлттық банк қалыптасқан жағдайдан шығу үшін халықаралық деңгейде келіссөздер жүріп жатқанына сендірді. Жырға айналған зейнетақы қорындағы қаражатты басқарудың тиімді жолдары қарастырылып жатқанын айтты. Алдағы уақытта активтерді басқару үшін салымшылардың өздері шешім қабылдауына мүмкіндіктер берілуі де мүмкін.
Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банк төрағасы:
Ұлттық банк зейнетақы қорындағы қаражатты салымшының өз еркіне қарай жеке компаниялардың активтеріне салуға қарсы емес. Бұл бойынша тиісті заңға өзгерістер енгізу туралы ұсыныс Үкіметте бизнес қауымдастықпен бірлесе талқыланып жатыр. Болашақта заң жобасы Парламентке жіберіледі.
Бас банкир зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалауда "екі шоқып, бір қарау" принципін ұстанатынын айтады. Тіпті қор нарығында салмағы басым «Apple», «Microsoft», «Facebook» сияқты алпауыттардың бағалы қағаздарын сатып алудан да дәмелі екенін жасырмады.
Ришат Асқарбекұлы, тілші:
Зейнетақы қорындағы қаражатқа қатысты мәселеде келісімшарттың кейбір тармақтарына орай күмәнді сұрақтар бар көрінеді. Сондықтан Ұлттық банк ішкі қызметтік тексерулерден соң материалдарды құқық қорғау органдарына жолдамақшы. Айтпақшы, журналистер Данияр Ақышевтің зейнетақы қорындағы қаражатының көлемін білгісі келген. Бірақ бас банкир бұл сұрақты жауапсыз қалдырды.
Ришат
АСҚАРБЕКҰЛЫ