$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Ақтөбенің іргесінде саяжайдың 2 000-нан аса тұрғыны ауыз сусыз отыр

AstanaTV
24.05.2017ж. 20:00
2605
Ақтөбенің іргесінде саяжайдың 2 000-нан аса тұрғыны ауыз сусыз отыр

Ақтөбе қаласының іргесіндегі саяжайдың 2000-нан аса тұрғыны 4 тәуліктен бері ауыз сусыз отыр. Бұл қиындық екі кәсіпкердің өзара келіспеушілігі салдарынан туындады. Бұл мәселе қала басшыларының да назарында тұр. Тіршілік нәріне қол жеткізе алмай, ашынған халық біздің арнаға шағымданған еді. Тараптардың пікірін әріптесім Жақсыбек Кемал тыңдап келді.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Тұрғындар екі жыл бұрын әр шаңырақтан 160 000 теңгеден жинап, үйлеріне дейін су құбырын жүргізген. Шаһардың ауызсу жүйесіне жауапты «Ақбұлақ» акционерлік қоғамы техникалық құжаттарын рәсімдеп берген. Ал, үш күн бұрын халыққа су беру тоқтады, жауапты мекеме өкілдері себебін түсіндірмей отырғанға ұқсайды.

Қойшыбай Алдамұратов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Главный инженер келіп, мына жерді қиып тастаған. Себеп дейді, сіздердің мына документтеріңіз дұрыс емес дейді. Сонда документ дұрыс болмаса, егер дачный участокке су бермейтін болмаса, бұл адам ұйықтап жүрген бе? Бастық ұйықтап қалды ма сол кезде? Берген ғой, ақша жиналып жатыр. Әр қожалықтан 160 мыңнан ақша жинап алды. Адамдар өздерінің ақшасына істеді мұнын бәрін. Үкіметтен қаржы сұраған жоқ.

Бұл «Сүт зауыты» аталып кеткен ауданның маңындағы саяжай. Қаланың үйлеріне іргелес орналасқан. Осы аумаққа дейін су құбырын жүргізуді екі мердігер мойынына алған еді. Олардың бірі атқарылған жұмыс үшін екіншісіне қарыз екен. Қос кәсіпкер арасында құбырды талапқа сай жүргізу мәселесі бойынша дау туындаған.

Салтанат Оразаева, мердігер:

Қосып берейін десем, Мықтығұлова маған бермеймін деді разрешение. Мен ана жақтан тартып келдім деді. Соның ақшасын маған төлейсің деді. Бір жарым миллион жартысын мен мен қалай төлеймін дедім. Мына қалып тұрған 127 метр мен қосып берейін, мына халық сусыз отырмасын деп айттым мен. Мен істеген жұмысыма өзім жауап берем. Документ бәрі дұрыс. 

Іңкәр Мықтығұлова  «Азиягазмонтаж» ЖШС директоры:

Техникалық мінездемелері менің атымда болғандықтан, жұмысты аяғына дейін мен істеуім керек. Қазіргі қойылып отырған талаптарына жартылай ғана келісемін.

«Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледінің» кері келіп, зардабын қарапайым халық тартуда. «Ақбұлақ» акционерлік қоғамының өкілдері тұрғындар сусыз қалмауы үшін қажетті шаралардың бәрін жасап жатқандарын айтты.

Динара Жаналина, «Ақбұлақ» АҚ  баспасөз хатшысы:

Біз берген техникалық мінездеме өз күшінде. Басты мәселе - ол жердегі су құбырларын ортақ жүйеге келтіру керек. Бірақ, кәсіпкерлердің бірі екіншісіне қарыз болғандықтан, оны істеуге рұқсат бермей отыр.

Мәселеден шаһар басшылығы хабардар. Тұрғындар мен екі мердігер қала әкімдігіне келіп, оң шешім шығаруын сұрады.

Жандос Байырханов, Ақтөбе қаласы әкімінің бірінші орынбасары:

«Азиягазмонтаж» компаниясы техникалық талаптарды толық орындамаған, сондықтан олардан жұмысты аяғына дейін жеткізуді талап етеміз. Ал, «Мауримов» серіктестігіне тиесілі аумақта су жинау орны болмағандықтан, су беру уақытша тоқтатылды. Техникалық талаптар толық орындалған соң саяжайға су беріледі.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Ал тұрғындар алдағы екі тәулікте кәсіпкерлер ортақ келісімге келеді дегенге сене алмайды. Олар әзірге тіршілік нәрін алыстан тасымалдап немесе сатып алып ішуге мәжбүр.

Жақсыбек КЕМАЛ