$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Прокурорлар Әбілязовке 20 жыл сұрады

AstanaTV
25.05.2017ж. 20:00
2511
Прокурорлар Әбілязовке 20 жыл сұрады

«Әбілязов ісі» аяқталуға жақын. Бүгін Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында  БТА банкіндегі қаражатты жымқыру оқиғасы бойынша сот отырысы жалғасты. Жарыссөз барысында прокурорлар соттан басты фигурант Мұхтар Әбілязовті 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал, оның сыбайластары қандай жаза арқалауы мүмкін?  Сот залынан Айгүл Ермахан тарқатады.

Айгүл Ермахан, тілші:

Сот алдына БТА банкінің бұрынғы үш топ-менеджері  басқарма төрағасы Сәдуақас Мәмеш пен орынбасары, кредиттік комитеттің бұрынғы төрағасы Жақсылық Жарымбетов және несиелеу жөніндегі директор Қайрат Садықов келді. Қашқын олигархтың өзі әлбетті сот отырысына қатыспады. Атышулы іс сәуір айында басталған. Бас фигурантқа ұйымдасқан қылмыстық топ құрды, сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салды, қылмыстық жолмен тапқан қаржы мен мүлікті заңдастырды, қызмет бабын асыра пайдаланды және банк қаражатын заңсыз жұмсады деген алты бап бойынша айып тағылған. Қалған үшеуі де осы баптардың біразы бойынша жауап берді. Бұл іске жуырда нүкте қойылмақ.

Еркін Баймағамбетов, мемлекеттік айыптаушы:

Әбілязов Мұхтар Кабулұлын ҚР Қылмыстық кодексінің  235 бабы 4 бөлімі, 76 баптың 4 тармағы, 176 баптың 3 бөлігі, яғни «тыңшылық», 220 баптың бірінші бөлігі «облигацияларды орналастырудан алынған ақшаны мақсатсыз пайдалану» бойынша кінәлі деп танып, 20 жылға бас бостандығынан айыруыңызды сұраймын.

Сондай-ақ мүлкін тәркілеп, банк жүйесінде 3 жылға дейін қызмет атқаруына шектеу қойылуын сұрады. Аталған  қылмыстық топтың келтірген шығыны - анау-мынау емес, 7,5 миллиард  АҚШ доллары. Қаржы ұрлауға Әбілязовке сыбайластары көмектескен. Олар да жазасыз қалмайтын сыңайлы. 

Еркін Баймағамбетов, мемлекеттік айыптаушы:

БТА банктің бұрынғы басшысы Сәдуақас Мәмешті Қылмыстық кодекстің 176 бабы 3 бөлігі бойынша кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын. Жазаны 3 жыл сынақ уақытымен шартты мерзіммен есептесеңіз. Және 3 жыл банк қызметінде жұмыс істеу құқығынан айырсаңыз. Банк төрағасының бірінші орынбасары кредиттік комитеттің бұрынғы төрағасы Жақсылық Жарымбетовты 5 жыл бас бостандығынан айырып, жазаны шартты мерзіммен есептеуді сұраймыз. Несиелеу жөніндегі директор Қайрат Садықовты 18 жылға темір торға тоғытып, мүлкін тәркілеп, 300 айлық есепті көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынса дейміз.

Айгүл Ермахан, тілші:

2 мыңнан аса томды құраған атышулы Әбілязов ісіне жуырда нүкте қойылмақ.  Қашқыр банкир мен сыбайластарының нақты қандай жаза арқалайтынын тек сот шешетін болады.

Айгүл ЕРМАХАН