Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Қашаған кен орны осы жылдың қазанында іске қосылады - С.Мыңбаев

AstanaTV
17.03.2016ж. 20:00
1627
Қашаған кен орны осы жылдың қазанында іске қосылады - С.Мыңбаев

Мемлекеттің жаппай жекешелендіру бағдарламасы аясында Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы мемлекет үлесінің сатылуы екіталай. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі брифингінде «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы басқармасының төрағасы Сауат Мыңбаев айтты. Ал қалған отандық екі зауыт бойынша нақты шешімдер қабылданып қойған.

Сауат Мыңбаев, «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

Шымкент мұнай өңдеу зауытының жекешелендіруіне келетін болсақ, оның 50 пайызы бүгін де қытайлық мұнай компаниясының еншісінде. Мемлекет қолындағы қалған 50 пайыз акциясын жақын арада сатуы екіталай. Ал Атырау мен Павлодар зауыттары бойынша шешім бар. Қазір «Қазмұнайгаз» компаниясы тиісті дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Сауат Мыңбаевтың айтуынша, ұзаққа созылған Қашаған кен орны жоспар бойынша мұнай өндіруді осы жылдың қазанында бастайды. Оның қуаты тәулігіне 75 мың баррельді құрамақ. Ұлттық компания басшысы жоспарлы жұмыстар мерзімінен бұрын аяқталып жатқанын айтты. Десе де, жұмысқа кедергі келтіруі мүмкін факторлар да бар. Теңіз суының деңгейі алдын-ала жасалған есептерден жоғары болып, қиындықтар тудырған. Бірақ өндіріс белгіленген мерзімнен кешіктірілмей басталады, - деді Сауат Мыңбаев.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ