$484.19 €524.28 ₽5.03
×

Павлодарда алпауыт өндіріс ошақтарына қомақты айыппұл салынды

AstanaTV
29.05.2017ж. 20:00
3567
Павлодарда алпауыт өндіріс ошақтарына қомақты айыппұл салынды

Павлодарда алпауыт үш кәсіпорынға қоршаған ортаға келтірген залалы үшін қомақты айыппұл салынды. Жергілікті экологтар бірнеше ай бойы жүргізген тексерудің қорытындысын жариялады. Соған сәйкес «Қазақстан Алюминийі», «Қазақстандық электролиз» зауыттары мен «Павлодарэнерго» АҚ жалпы сомасы 1 млрд-тан астам теңгені бюджетке өтеуі тиіс. Облыстық экология департаменті өкілдерінің ақпарынша, екі зауыттың ауаға тастаған қалдықтарынан тыйым салынған қауіпті газ табылған. Ол - күкіртті сутек. Мамандардың айтуынша, оны атмосфераға шығаруға өндіріс ошақтарының рұқсаты жоқ. Ал энергетикалық компанияның атмосфераға азот оксиді мен көміртек оксидінің мөлшерін шамадан тыс шығарғаны анықталды. Сарапшылардың пікірінше, бұл әрекеттері арқылы ірі кәсіпорындар Павлодар өңірінің экологиясына ауқымды зиян келтірген. Айта кетсек, күкіртті сутек адамның жүйке жүйесіне кері әсер етеді.

Жомарт Кәрімов, Павлодар облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары

Қазіргі уақытта үш кәсіпорынға жазбаша ұйғарымды жібердік. «Қазақстан электорлиз» зауытына - 208 млн теңгелік, «Қазақстан Алюминийіне» - 302 млн, «ПавлодарЭнерго» АҚ 600 млн-нан астам теңгеге. Бұған олар келіспей, сотқа шағым түсірді.

Бұл жағдайға қатысты кәсіпорындардан қандай да бір ақпарат алу мүмкін болмады. «Қазақстан электролизі» зауытының өкілдері тағайындалған кезекті сараптаманың қорытындысын күтіп отырғанын айтып, сұхбат беруден бас тартты.