БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында екі жүргізуші Әлібек Меңдіғалиев пен Двумар Люшанлоға қатысты ҚР ҚК 345-бабы, 4-бөлігіне (абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет ) сәйкес қылмыстық іс қаралды, - деп жазды KAZINFORM.
БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Ә. Меңдіғалиев Самара-Шымкент тас жолында «Toyota Land Cruiser 150» автокөлігімен жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған. Қарсы жолаққа шығып кетіп, Д. Люшанло айдап келе жатқан жүк көлігімен соқтығысқан. Салдарынан жеңіл көлік отқа оранып, үш адам көз жұмды.
Сот үкімімен Ә. Меңдіғалиев ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және қайтыс болуына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Оның кінәсі орынды тексеру хаттамасымен, жол-көлік оқиғасы схемасымен, сараптамалардың қорытындыларымен және Люшанло мен сарапшылардың айғақтарымен дәлелденген.
— Д. Люшанло ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлігі бойынша кінәсіз деп танылды және қылмыстық құқық бұзушылық құрамының жоқ болуына байланысты ақталды. Оның кінәсіздігі кешенді қайта көлік-трасологиялық сараптаманың қорытындысымен расталады. Соқтығысу кезінде «Volvo FH» автомашинасы өзінің қозғалыс жолағында болған және жүргізуші тежеу жолымен соқтығысудың алдын алу шараларын қолданған. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, - деп хабарлады ведомстводан.