Абай облысының Бесқарағай аудандық соты мал ұрлығын бірнеше рет жасағаны үшін 11 адамға қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Сот шешімімен оларға алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Тергеу амалдарын Бесқарағай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізді.
Іс бойынша тіркелген эпизодтардың бірі 20 ақпанда болған. Сағат шамамен 02:00-де Өндіріс ауылының маңында полицейлер мал ұрлығына қатысы болуы мүмкін деген күдікпен үш автокөлікті тоқтатқан.
Одан әрі жүргізілген жедел-тергеу шаралары барысында полицейлер бірнеше рет жасалған мал ұрлығы фактілерінің мән-жайларын анықтап, қылмыстық іс бойынша тиісті дәлелдемелер жинады.Жиналған материалдар сотқа жолданды.
Абай облысының полиция департаменті мал иелерін жайылымдағы малдың қауіпсіздігін бақылауда ұстауға және мал жоғалған жағдайда полицияға дереу хабарлауға шақырады.
Жайылымдар мен мал ұсталатын орындардың маңынан күдік тудыратын автокөліктерді немесе өзге де күмәнді әрекеттерді байқасаңыз, 102 нөміріне хабарласыңыз.