Ақмола облысының тұрғыны Instagram әлеуметтік желісінде заңсыз құмар ойын бизнесiн ұйымдастырғаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды AstanaTV.
Сотта анықталғандай, азамат бір жыл бойы әлеуметтік желіде арнайы парақша жүргізіп, тікелей эфир арқылы құмар ойындар өткізген. Ойынға қатысу бәс тігу арқылы жүзеге асып, оның мөлшері 100-ден 2100 теңгеге дейінгі аралықты құраған.
Сессия төрт қатысушы арасында өтіп, ең жоғары карта түскен ойыншы жеңімпаз деп танылып отырған. Ал ұйымдастырушы жалпы ұтыс сомасынан белгілі бір пайызды өзіне ұстап қалып, нәтижесінде 90,6 миллион теңгеден астам қылмыстық кіріс тапқан.
Астана қалалық сотының үкімімен ол Қылмыстық кодекстің 307-бабы 2-бөлігі 3-тармағы бойынша айыпты деп танылды. Сонымен қатар қала прокурорының заңсыз алынған барлық табысты мемлекет пайдасына өндіріп алу туралы талабы толық қанағаттандырылды.
Елорда прокуратурасы арнайы лицензиясыз интернет арқылы, соның ішінде Instagram мен TikTok желілерінде құмар ойындар немесе лотерея ұйымдастыру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді. Мұндай заңсыз әрекеттер үшін мүлкі тәркіленіп, белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.