Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Брюссель тұрғындары қалыпты өмірге көшуге тырысып жатыр

AstanaTV
24.03.2016ж. 20:00
1696
Брюссель тұрғындары қалыпты өмірге көшуге тырысып жатыр

Бельгия билігі «күдікті лаңкестің туысын Түркия депортациялаған» деген ақпарға қатысты әзірге тіс жарған жоқ. Morgen басылымының жазуынша, "Ибрагим әл-Бакрауи деген азаматты былтыр Анкара экстрадициялаған" деген мәліметті Бельгия прокуратурасы растаған жоқ деп жазады. Ол - Брюссель метросында өзін өзі жарып жіберген Халид Әл-Бакрауидің інісі. Бұдан бұрын Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған "Бельгия қылмыскердің өзге елдегі лаңкестермен байланысы барын біледі" деген болатын.

Қазір Брюссель тұрғындары қалыпты өмірге көшуге тырысып жатыр. Бірақ айналада әскерилер мен полицейлер толып жүргенде, мұның оңай еместігін өздері де мойындайды. Елде лаңкестік қаупі әлі де сейілмегендей, ел-жұрт алаңдаулы.

Бұл өмір емес. Қашанға дейін төземіз, білмеймін. Бұрыш-бұрышта әскерилер мен полиция. Қорқынышты. Елге әр түлі адамдарды кіргіземіз. Бәрінің ниеті жақсы емес. Емін-еркін өмір сүрген едік. Қазір кез келген сыбдырдан зәреміз ұшады.

Еске салайық, 22 наурызда Брюссель әуежайы мен метросында бірнеше жарылыс болды. Лаңкестік шабуылды ДАИШ өз мойнына алған. Салдарынан 31 адам қаза тапты. 300-дей адам жараланған. 

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ