Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Өрттен соң Өскеменнің ауасы арнайы тексерілді

AstanaTV
24.03.2016ж. 20:00
1522
Өрттен соң Өскеменнің ауасы арнайы тексерілді

Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауытының бериллий өндіретін ғимараттарының бірінде болған өрт халықты дүрбелеңге салды.

Әлеуметтік желілерде көшеге шығудың қауіпті екені туралы хабарлама тараған. Ғаламтор пайдаланушылары 1991 жылы болған төтенше жағдайды еске сала бастапты. Ол кезде өрт салдарынан 1-інші санаттағы қауіпті зат - бериллий - ауаға тараған еді.

Экологтардың мәлімдеуінше, 22 наурыз күні түнде болған өрт қоршаған ортаға еш зиян келтірмеген. Сағат түнгі 00.30. шамасында зауыттың бериллий өндірісіндегі көлік терминалының жұмысшысы ғимарат төбесіндегі сылақтың үгітіліп түсе бастағанын байқайды. Артынша шатырдың жанып жатқаны белгілі болады. Төтенше жағдай орын алған ғимарат, өткен ғасырдың 50-ші жылдары салынған. 100 шақты өрт сөндіруші 12 сағат бойы арпалысып, әрең дегенде қызыл жалынның бетін қайтарған. Апат салдарынан шатырдың 300 шаршы метрі  жанып кетті.

Дмитрий Титов, ШҚО ТЖД өрт сөндіру қызметі бастығының орынбасары:

Өрт түнде болды, әрі күш алып кеткендіктен, оны сөндіру қиындық туғызды. Жеке құрамның жұмысын ауырлатып жіберді. Құтқарушылар оралып өскен ағаштар мен құрылымдарды бұза жүріп, өртті ауыздықтады. Онсыз бетін қайтару мүмкін емес еді.

«Қазгидрометтің» көшпелі зертханасы мен 5 стационарлық бекет, 8 экологиялық қауіпсіздік орталығы ауаны зерттеген. Сараптама нәтижесіне сай ауадағы қоспалардың ең жоғарғы қалыпты мөлшерден аспағаны белгілі болды. Бериллий концентраты анықталған жоқ. «Үлбі металлургиялық зауыты» әкімшілігі таратқан ақпарда өрт болған корпуста қауіпті заттардың сақталмағаны айтылған. Мұны алғашқы сәттен бастап оқиға орнында болған «Экологиялық қауіпсіздік орталығының» экологтары да растады. Өрттің себебі әзір беймәлім. Мамандар қызметтік тексеріс жүргізуде.

Геннадий Корешков, «Экологиялық қауіпсіздік орталығы» ЖШС директоры:

Үлбі металлургиялық зауыты экологиялық қызметінің ақпарына сүйенсек, бериллий мөлшерін бірден 5 жерден тексеріп, бақылауға алған. Концентраттың қоймасы, 4 қабатты ғимарат өрт болған корпустың қасында орналасқан. Өрт ол жерде емес, вагондар ғана өтетін блокта болды. Онда бериллийдің ең жоғарғы қалыпты мөлшері 10, тіпті 100 есе аз. Мамандар жағдайды, өрт сөнгенше, 5 сағат бойы  бақылады.

Айжан ҚУАШ