Сеулде Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёльге қатысты сот шешіміне байланысты жаппай тәртіпсіздік болды. Сот саясаткердің қамауға алу мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдағаннан кейін, оның жақтастары наразылық білдіріп, сот ғимаратында тәртіп бұзды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy DW сайтына сілтеме жасап.
«Сот шешімінен кейін ғимарат алдына жиналған Юн Сок Ёльдің шамамен 44 мың жақтасы наразылық білдірді. Олар сот ғимаратының терезелерін сындырып, ішке басып кіріп, полиция қызметкерлерімен қақтығысты. Наразылар құқық қорғау органдарына орындықтар, қоқыс және басқа да заттар лақтырған», — деп жазады басылым.
Уақытша президент Чхве Сан Мок болған жағдайға байланысты өкінішін білдіріп, тәртіпсіздіктерді «ақылға сыймайтын зорлық-зомбылық» деп атады. Ол құқық қорғау органдарына қауіпсіздікті қамтамасыз етуді және оқиғаға қатысты тергеуді мұқият жүргізуді тапсырды.