Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Сайлауға үш күн қалды

AstanaTV
17.03.2016ж. 20:00
2179
Сайлауға үш күн қалды

Сайлау күні таяп қалды. Ертең саяси ұйымдар үшін үгіт жұмыстарының соңғы күні. Бүгін саяси додаға түскен 6 партия өңір өңірлерде үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырды. Толығырақ тілші тарқатсын.

Бүгін «Нұр Отан» партиясының республикалық сайлауалды штабы елордалықтармен кездесті. Астанадағы бірқатар мекемені аралап, сайлауалды бағдарламасымен жан-жақты таныстырып шықты. Жетекші партия өкілдері әуелі 5 жылда 730 мың науқасқа жәрдемдескен ұлттық медициналық холдингына жол тартуды жөн көрген.

Серік Ақшолақов, «Нұр Отан» партиясы республикалық сайлауалды штабының мүшесі:

Осы нейрохирургия орталығында жылына 2600-ден астам операция жасаймыз. Мінекей, мұның барлығы біздің еліміздің, Елбасының осы біздің денсаулық саласына көп бөлген көңілі.

Кейін нұротандықтар еліміздің жетекші өнеркәсіпорының бірі - электровоз зауытына барып, жұмысшылармен жүздесті. Зауыт темір жол локомотивтері, жүрдек поездарға арналған вагондар шығарумен айналысады. Енді отандық электровоз шығаруға ден қойған мекеме қызметшілерін партия өкілдері сайлауға бір кісідей қатысып, өздеріне қолдау білдіруге шақырды. Сондай-ақ, жетекші партия мүшелері Астана қаласындағы ардагерлер қауымымен және патриоттық ұйым өкілдерімен кездесті. Штаб жетекшісі Асқар Мырзахметов елорда тұрғындарын толғандырған мәселелермен танысып, ұсыныстарын естіп қайтты.

Ал ақжолдықтар музыка әлемінен хабардар екенін көрсетіп, алматылықтарғы керемет кеш сыйлады. Рок жанрына жаны құмарларды жинап, ән арқылы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Партия мүшелері осылайша жастардың көңілін аулап, оларды сайлауға қатысуға үндемекпіз, дейді.

Қайрат Айтбай, «Ақ жол» партиясы орталық кеңесінің мүшесі:

Ақ жол партиясы алдамызда келе жатқан маңызды шараға жастарды, негізінен жастарды шақырады. Біздің Қазақстанның әрбір азаматтары келсін, қатыссын өз шешімін қабылдасын. Ақ жол партиясына дауыс беру, бір жағынан болсын, екінші жағынан, негізгісі - сол сайлауға келсін, қатыссын.

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының мүшелері де жастарға ден қойып, Астанада «Біз есірткіге қарсымыз!» атты акциясын өткізді. Мақсат - жас буынға нашақорлықтың адам өміріне қаншалықты қауіпті екенін жеткізу, дейді партия белсенділері. Шараға партияның республикалық қоғамдық штабының мүшелерінен бөлек, нарколог дәрігерлер, ақын-жазушылар қатысып, студенттерге ақыл-кеңестерін айтты.

Толымбек Ғабділәшімов, «Ауыл» ХДПП төрағасының бірінші орынбасары:

Негізі дүние жүзінде 185 млн адам осы ауруға шалдықан. Біздің «Ауыл» партиясының бағдарамасының негізігі бір бөлімі осы денсаулыққа байланысты. Негізі біз мына халықтың денсаулығын көтеру, оның жолын іздеу, содан соң жастарға осындай дұрыс ақыл беру, сонымен іс-шараларымызды жоспарлап отырмыз.

Қазақстан коммунистік халық партиясы да сайлауалды үгіт-насихат шараларын қортындылап жатыр. Бүгін олар еліміздің үш бірдей аймағында түрлі іс-шаралар өткізді. Алматылық сайлаушыларының назарын аудару үшін, коммунистер парапланеристермен партия жалауын көкте желбіретті. Ал Шымкент шаһарында аймақтық штабтың қолдауымен орталық саябаққа жас көшеттер отырғызылды. Кейін партияның республикалық сайлауалды бас штабы үгіт-насихат жұмыстарына қорытынды жасады. Коммунистер үгіт шаралары басталғалы 200-ден астам кездесулер мен іс-шаралар өткізгенін жеткізді.

Айқын Қоңыров, Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткер:

Біз сайлаушылармен кездесуде негізінен еңбек ұжымдары мен түрлі ұйым өкілдеріне баса назар аудардық. Ал аймақтарда «Есіктен есікке дейін» атты акцияны қолға алып, онда белсенділер үйлерді аралап, партияның сайлауалды бағдарламасын тұрғындарға жеткізді.

Электоралды кезең алдында Жалпыұлттық социал демократиялық партия мүшелері Сыр өңіріне ат басын тіреді. Партия белсенділері Қызылордада сайлаушылармен кездесіп, жиналғандардың сауалдарын тыңдап, тұшымды жауап қайтарды. Дауыс берушілермен кездесу барысында көтерілген сауалдардың дені қоғамдағы әлеуметтік мәселелер мен сайлауалды бағдарламасы төңірегінде өрбіді.

Ләззат Бақтыбаева, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының облыстық филиал төрайымы:

7 аудан орталығының қазіргі таңда алтауын аралап шықтық. 6 ауданның халқымен кездесіп, өзіміздің барлығымызды көрсетіп, өзіміздің үгіт-насихат материалдарды таратып жатырмыз.

Рақым Айыпұлы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының мүшесі:

Партия жалпы мемлекеттің, халықтың әлеуметтік жағдайын бірінші кезекте ойлайтын партия. Еліміздің орта-шағын кәсіпкерліктің дамуын ауылда қалай көтеруге сол сияқты жобаларымыз бар. Бізді өз сайлаушыларымыз қолдайды деп ойлаймыз.

Ал табиғатқа жанашырлық танытуды насихаттап жүрген «Бірлік» партиясының өкілдері «Аstana Solar» кәсіпорнын аралады. Мекеме қызметкерлерімен кездескен олар, экологиялық тұрғыда таза өндірісті дамыту керектігін сөз етті. Ұйым белсенділері кәсіпкерлікті дамытудың жай-жапсарын талқылай келе, партияның сайлауалды бағдарламасын сөз етті. «Ізгі ниет», «Адал қызмет», «Таза орта» - «Бірліктің» негізгі ұстанымы екендігін айта келе, кәсіпорын қызметкерлерін аянбай еңбек етуге шақырды.

Cерік Сұлтанғали, «Бірлік» саяси партиясының төрағасы,  ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткер:

Америка, Еуропадан кейін, бұрынғы совет үкіметінің республикаларына қарағанда, біздің Қазақстанымыз инновация жағынан алда келе жатыр. Соған қуанып отырмыз. Бұл зауыттың болашағы өте зор, өте мол. Сондықтан экология дегеніміз - мына жерімізді, алақандай планетамызды сақтап қалу. 

Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА