$542.03 €627.29 ₽6.66
×

Арал теңізінің құрғап қалған табанында көп деңгейлі "Жасыл белдеу" пайда болмақ

AstanaTV
31.05.2017ж. 20:00
15892
Арал теңізінің құрғап қалған табанында көп деңгейлі "Жасыл белдеу" пайда болмақ

26 наурыз халықаралық Арал теңізі күні болып белгіленуі мүмкін. Алғаш рет өткен "Арал" халықаралық форумында осындай ұсыныс айтылды. Арал теңізінің проблемасын шешуге жиналған мамандар "Жасыл белдеу" құруды да жоспарлап отыр. Теңіз қалпына келе ме? Ал экологиялық зардап қашан жойылады? Шарипа Сақтапова мамандар болжамын білді.

Арал теңізінің құрғап қалған табаны бүгін алты миллион гектарды құрайды. Сол жерден жылына 150 миллион тонна тұз ауаға көтеріліп, тарайды. Сарапшылардын айтуынша, Арал тұзы Еуропа мен Антарктидадан да табылған. Адамзат тарихындағы ең ірі экологиялық апаттаттардың бірі 35 миллион адамға кері әсерін тигізіп жатыр. Қазақстан өзіне қарасты теңіздің солтүстігін сақтап қалу, қалпына келтіру тың жобасын іске асыра алды. Теңізді бөліп, бөгеп, Кіші Арал теңізін суға толтырды. Балықшылар қазір ол жерден жылына 5 мың тонна Сыр маржанын аулап отыр. Дегенмен, қауіп сейілген жоқ. 

Болат Бекнияз, «Халықаралық аралды құтқару» қорының Қазақстандағы атқарушы директоры:

Сексеуілмен қатар Арал теңізінің құрғап қалған табанына бірнеше деңгейлі "Жасыл белдеу" жасаймыз. Елді мекен тұрғындарын, ауыл шаруашылық алқаптарын шаң мен тұздан тұратын желден сақтауды көздеген жоба. Ұзындығы 70 шақырым, ені мың метрге дейін баратын жерді қамтимыз деп отырмыз.

Яғни шөл басқан теңіз табанында кәдімгі бау-бақша өсіріліп, елді мекендерде климат жақсарып, тұрғындардың денсаулығы дұрысталады деген болжам бар. Ал өзбек ғалымдары, Арал теңізінің өздерінде орналасқан оңтүстік бөлігін сақтап қалу мүмкін еместігін жеткізді. Айтуларынша, зардап теңіз табанынан келіп отыр.  

Зиновий Новицкий, Өзбекстан ғылыми-өндірістік орталығының сектор меңгерушісі, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы:

Бүгінгі таңда біз теңіздің құрғақ табанында агрофитноценоз жасау, яғни, сол жерге жайылымдық өсіруді қолға алдық. Өзбекстанда құрғап қалған теңіз түбі бір миллион гектарды құрайды. Әрине, теңізді ешкім енді қайта қоса алмайды, шындығымызды айтайық, су жоқ. Ал экологиялық ахуалды жақсартуға болады. Елдер бірігіп, ортақ мақсаттағы жұмыстарды жүйелі жүргізуі қажет. Менің болжамымша, 10-12 жылда біз Арал теңізінің экологиялық проблемаларын жоямыз. 

Форумға 27 елден келген 130 делегат - ғалым, эколог, сарапшылар мен мемлекет қайраткерлері - қатысты. Онда біраз нәтижелі ұсыныс мен ғылыми түрде дәлелденген жобалар талқыланды. Енді Қызылорда қаласында Арал өңірі мемлекеттері басшыларының саммитін өткізу жоспарланып отыр.

Шарипа САҚТАПОВА