$520.91 €544.25 ₽5.29
×

Сақ болыңыз! 40 градус аяз болады

22.01.2025ж. 20:00
80
Сақ болыңыз! 40 градус аяз болады

Еліміздің басым бөлігін аяз буып тұр. Ақтүтек боран қозғалысты қиындатты. Ал алдағы үш күнде температура тіпті 40 градусқа дейін төмендейді дейді синоптиктер. Бірақ, ескертуді елемейтіндер көп. Мыңдаған жолаушы діттеген жеріне жете алмай жарым жолда тұр. Аймақтардағы ахуалды тілшілеріміз жеткізеді. 

АЙДАНА ҚАЙРАТ, ТІЛШІ:

Біз дәл қазір Астана-Бурабай тас жолындамыз. Автожол түскі екілер шамасында ашылды. Түнде жолда қалған көліктер қалаға аман-есен кірді. Қазіргі қатынап жатқандарын полиция мен төтеншеліктер жіті бақылауда. Жол көктайғақ. Сол себепті жүргізушілер жылдамдықты сағатына 20 км-ден асырмауды. Ауа райына байланысты тас жол кез-келген уақытта жабылуы мүмкін

Коммуналдық қызметтер тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Бір түнде қаладан 4 508 жүк көлігі қар шығарды. 2600-ден астам жол жұмысшы мен 1900-ден астам арнайы техника жұмылдырылды.

Соңғы тәулікте қар құрсауында қалған 14 адам мен 12 техниканы құтқарды. Қарға батып қалған 2 жедел жәрдем көлігі шығарылды.

Сондай-ақ жолаушыларға ас су таратылды

Полиция қызметкерлері көліктердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуде. Ақмола облысы аумағында жолда қалған 2 мыңға жуық көлік 14 колоннамен қауіпсіз жерге жеткізілді.

АЙДАНА ҚАЙРАТ, ТІЛШІ:

Ауа райының қолайсыздығына байланысты 1-9 сынып оқушылары онлайн форматқа ауысты. Алдағы екі күнде аяз бен қатар бұрқасын жел күтілуде. Сақтықта қорлық жоқ төтеншеліктер тұрғындарды алыс жолға шықпауға шақырады. Басқа өңірлерде жағдай қалай, әріптесім Өзгеріс Қуанар айтады...

ӨЗГЕРІС ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Рахмет, Айдана! Павлодарда да ауа райының нашарлауына байланысты оқушылар сабақты қашықтықтан оқуға мәжбүр. Кеше күн күрт бұзылды. Ақтүтек боран салдарынан 600-ден астам адам жолда қалды. Оларға төтенше жағдай мамандары көмектесіп, жылыту орындарына жеткізді. Ауа райы күрт бұзылатыны туралы дауылды ескерту жасалса да, оны елемегендер көп. КТМ: Мәселен, Шарбақты ауылының тұрғыны таңғы уақытта Ресейге қарай жолға шыққан. Қалың қардан көлік қарға батып, жолда қалып қойыпты.

АЛЕКСАНДР БЕРЕНГАРД, ШАРБАҚТЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қарға батып қалған соң, бірден төтенше жағдай мамандарына хабарластым. Олар келіп қардан алып шығып, көлігімді сүйреп Шарбақтыға жеткізіп берді. Рахмет айтамын

Ауа райы кешеден бері бұзылды. Қар жауып, желдің екпіні күшейді. Соның салдарынан боран соғып, жолдар жабылды. Қазір 400-ге жуық көлік діттеген жеріне жете алмай жолда тұр. Бұл көліктерде 600-ден астам адам бар.

КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІ:

Бүгін екінші күн тұрып жатырмыз. Мына МЧС қызметкерлеріне рахмет! Тамағын шайын беріп жатыр. Екінші күн болды, жол жабық боран болып жатыр.

ӨЗГЕРІС ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Өңірде 9 бағыт бойынша жол жабық. Қаладан шыға берісте полиция бекеті қойылды. Төтенше жағдайлар қызметі күшейтілген тәртіпке көшті. Бекеттерде арнайы жоғары өтімді техника, вахталар қойылып, қызметкерлер кезекшілік етуде. Менің білуімше, оңтүстікте де ауа райы жұртты әбігерге салып жатқан сыңайлы. Берік, өзіңіз толығырақ жеткізсеңіз....

БЕРІК ЖҰМАБАЙ, ТІЛШІ:

Иә, Өзгеріс, Жамбыл жұрты қыстың қаһарын көре бастады. Бұрқасын, боран, Тараз бен Шымкенттің арасын жалғайтын күре жол жабылды. Қардың қалың түсуіне байланысты құзырлылар екі күн бойы ашылмайды деп отыр. "Алматы-Ташкент-Термез" бағыты бойынша да көлік қозғалысына шектеу қойылды.

Бет қаратпас бораннан «Алматы- Екатеринбург» тас жолымен жүру де қиындық тудырып тұр. Мойынқұм ауданы Бұрылбайтал ауылынан Қарағындыға қарай жүрер жолдың 150 шақырымын қалың қар басып қалыпты. Өңір аумағында жол қалған 14 адам құтқарылды, оның бесеуі бала. Сондай-ақ екі жүкті әйелге көмек көрсетілген.

КАРИНА КАРТАШОВА, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Жамбыл учаскелері маңында 200 жолаушы, онң ішінде он бала 25 жолаушылар автобусы, 250 жеңіл авткөлік жиналған. 820 адамға арналған жылыту пунктері дайындыққа келтірілді.

Құтқарушылар омбы қарда омыраулап тұрып қалған жеңіл көліктерді қауіпсіз жерге шығару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ұйтқыған желден электр бағаналарына зақым келіп, кей елді мекендерде жарық сөнген. Ал облыс орталығы Таразда мектептерде сабақ тоқтатылды. Оқушылар қашықтан оқып жатыр.

ДАРИЯ ТОҒАТАЕВА, ТАРАЗ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бірінші ауысымдағы жалпы 37 мектептегі 40 мыңнан астам оқушыың сабағын тоқтаттық. Оқу процесі қашықтан жүргізілетін болады.

БЕРІК ЖҰМАБАЙ,ТІЛШІ:

Түнде басталған боран қазір сәл басылды. Бірақ, қар құйып тұр. Қыс басталғалы қар көрмедік деген жұрт жапалақтап жауған ақ ұлпаға балаша қуанып жатыр.