$522.42 €543.89 ₽5.28
×

Солтүстік Қазақстан облысында ер адам 4 баласымен бірге өрттен қаза тапты

23.01.2025ж. 20:00
103
Солтүстік Қазақстан облысында ер адам 4 баласымен бірге өрттен қаза тапты

Солтүстік Қазақстан облысында бүтін бір отбасы өрттен қаза тапты. Қайғылы оқиға Шал ақын ауданындағы Ступинка ауылында болған. Төтенше жағдай мамандарына өрт туралы ақпарат кешкі сағат 11-лер шамасында жетті. Куәгерлердің мәлімдеуінше, үйдің ішінде газ баллоны жарылып, төбесі опырылып түскен. Құтқарушылар оқиға орнына жеткен кезде баспана түгел отқа оранған. Өкінішке қарай, үйдің тұрғындарын құтқару мүмкін болмады. Сала мамандары ішінен 5 адамның денесін тапқан. Оның біреуі отағасы болса, қалған төртеуі – балалар. Құзырлы органдар өрттің алдын ала себебін әзірге хабарламай отыр. 

Бектұрған ОМАРОВ, СҚО ТЖД ШАЛ АҚЫН АУДАНЫ БОЙЫНША ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Бізге қоңырау келіп түскесін біз бірден екі автоцистерна жібердік. Кейін тағы екі көлік келді. Отты ауыздықтауға 30 адам жұмылдырылды. Өрттің жалпы ауданы 104 шаршы метр. Қазір біз өрттің неден шыққанын анықтап жатырмыз.

Қызыл жалынға оранған отбасынан жалғыз тұяқ қалды. 16 жасар ербаласы қаладағы колледждердің бірінде оқуда болған. Қазір онымен психолог мамандар жұмыс істеп жатыр. Билік өкілдері болса жасөспірімге барынша қолдау көрсететіндерін жеткізді.

ТИМУР ӘБДІРЕШОВ, СҚО ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Жерлеу рәсімі бойынша облыс әкімдігі қажетті көмек көрсетеді. Кәмелетке толмаған студентке қазір психологиялық көмек көрсетілуде. Оған колледждің жатақханасынан тегін орын беріледі. Оған қоса материалдық көмек, оқудың ақшасын төлеу бойынша мәселе шешілетін болады. Оған қоса туған-туысқандарына қамқоршылық рәсімдеу бойцынша мәселелер шешілетін болады.