$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Педофилдердің химиялық кастрациясы заң жүзінде бекітілді

AstanaTV
17.03.2016ж. 20:00
2315
Педофилдердің химиялық кастрациясы заң жүзінде бекітілді

Бұдан былай педофилдерге химиялық кастрация жасалады. Бүгін бұл заңды сенаторлар мақұлдады. Жасөспірімдерге зорлық қылатындарды піштіру үрдісі алдымен ескерту ретінде инъекция егу арқылы жүреді. «Баланың құқықтарын қорғау туралы» заң жобасын қараған жоғарғы палата Қазақстан азаматтарына жетімдерді демалыста қонаққа алуға мүмкіндік беретін нормаларды да заңдастырды. Тағы бір өзгеріс Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Енді сынақтан сүрінген түлектерге тестті екінші рет тапсыруға мүмкіндік беріледі. Айгүл Әдепбай сенаторларды тыңдап қайтты.

Педофилдерге химиялық кастрация жасау-жасамауға қатысты сұраққа нүкте қойылды. Сенаторлар даулы мәселені заң жүзінде бекітіп, кастрацияны рұқсат етті. Бірақ ол инъекция егу әдісі арқылы жүргізілмек.

Бірғаным Әйтімова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Рұқсат етіліп тұр, егер де химиялық кастрация дегеніміз - бір инъекция жасау. Ол тек қана бір мезгілге жасалатын нәрсе. Ол дәрігерлердің, медициналық ұйымдардың шешімі бойынша, соттың шешімі бойынша жасалатын нәрсе. 

Алайда бұған дейін біздің арнамызға сұхбат берген мамандар инъекцияның әсері ұзаққа бармайды деген болатын.

Николай Нигай, психиатрия, наркология ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары (27.09.2015 ж.):

АҚШ пен Еуропаның бірқатар елдері қолданады. Олар ерікті кастрацияны және мәжбүрлі кастрацияны қолданады. Оның тиімділігі туралы нақты деректер жоқ. Химиялық кастрация препарат енгізілгеннен кейін белгілі бір мерзімге ғана әсер етеді. Кейін әсері бітеді. Сондықтан ол препаратты үнемі, өмір бойы қолданып тұру керек.

Ал «Бала құқықтарын қорғау» туралы заң жобасына сай, бала асырап алушылардың жасына шектеу қойылмайды. шетелдіктердің асырап алуына тыйым салынған жоқ. Сонымен қатар, «қонақ отбасы» нормасы енгізілген. Яғни жетімдер үйінің тәрбиеленушілерін Қазақстан азаматтары оқудан тыс, демалыс кезінде үйіне қонақ қыла алады. Баланы алушылар тиісті келісімшартқа отырып, қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Айта кетерлігі, аталмыш жүйе былтырдан бастап жұмыс істейді. Биыл тек заңды сипат алды. Осы уақыта дейін 2 мыңға жуық қазақстандық жетім балаларды отбасына қонақ қылған.

Төлеубек Мұқашев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Тәжірибе жүзінде есейіп қалған балалардың кәмелет жасқа толғанға дейін балалар үйінде қалып қалу қатері жоғары, себебі негізінен 6 жасқа дейінгі балалар асырап алынады.

Сенат қабырғасында белгілі болған тағы бір жаңалық. Жағымды десе де болады. Биылдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеуден сүрінгендерге сынақты екінші мәрте тапсыруға мүмкіндік беріледі. Бірақ ақылы болады.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

Балаларға екінші мүмкіндік беру керек болып тұр. Негативтік тенденциямыз бар. 2015 жылда 40 мыңнан аса бала ЕНТ-дан қашып, көбі Ресей мен Қытайға кетті. 100 мыңнан астам балаға біз өзіміз ЖОО жолды жауып тастадық. Оны дұрыстау керек.

Ал Алтын белгі үміткерлері, бірінші сынақтан өте алмай, тестті екінші рет тапсырса, алтын белгіден айырылады.  Министрліктің оқушыларға екінші мүмкіндік беріп отырған себебінің бірі - елде тест тапсыра алмағандар Ресей мен Қытайға кетіп жатқан көрінеді. Тек өткен жылы 39 мың отандасымыз Ресейге оқуға кеткен. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ